Стихиялық қоқыс үйінділері мен қалдықтарды реттеу инфрақұрылымын дамыту – аса өткір тұрған мәселелердің бірі. Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов осылай деп деді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз бұл мәселені биыл қыркүйек айында үкімет отырысында қарадық. Бірқатар тапсырма берілді, оның ішінде стихиялық қоқыстардың санын 2 есеге қысқарту мәселесін көтердік. Жалпы, өңірлерде тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Алайда, Ұлытау, Алматы және Маңғыстау облыстары ең төмен нәтиже көрсетіп отыр. Аталған өңір әкімдеріне осы салаға жетекшілік жасайтын орынбасарларына қатаң сөгіс жариялауды тапсырамын, - дейді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ Үкімет басшысының сөзінше, аудандар мен қалалардың 75%-і коммуналдық қалдықтарды реттеу бағдарламаларына әлі кіріскен де жоқ.
Ал мерзім әлдеқашан өтіп кетті. Мысалы, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында және тағы да сол Маңғыстау облысында бірде-бір жоспар әзірленбеген. Сондықтан, аталған өңір әкімдері де өздерінің осы салаға жетекшілік ететін орынбасарларына тапсырманы орындамағаны үшін сөгіс жарияласын, - деді ол.
Енді бұл процесті әкімдердің өздері жеке бақылауда ұстауға тиіс.
Министрлік сатып алу рәсімдеріне байланысты мерзімді келесі жылдың ортасына дейін ұзартуды сұрап отыр. Егер жұмыстар 1-ші сәуірге дейін аяқталмаса, тиісті тәртіптік шаралар қабылданатын болады. Жалпы, стихиялық қоқыстарды болдырмау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша жұмысты қайта қарау қажет. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, дамыған елдер бірінші кезекте қалдықтарды қайта өңдейтін инфрақұрылымды ретке келтіріп алады, - деді Смайылов.