Қоныс аударушылардың бәрі бірдей көмек алмай отыр

21 Желтоқсан 2023, 13:13
573
Бөлісу:
Қоныс аударушылардың бәрі бірдей көмек алмай отыр
Фото: Артём Чурсинов - архив

Сенатор Айгүл Қапбарова ішкі көші-қонды дамыту бағдарламаларының тиімділігін арттыру проблемасын көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Депутаттың айтуынша, ауылдың ауыр жағдайына байланысты қала халқы өте тез өсіп барады. Қазақстанда урбанизация деңгейі қазір 62%.

Барлық қала мен қалаға жақын орналасқан аудандар үшін үлкен мәселе – тіркелген және нақты тұратын тұрғындар санының сәйкес келмеуі. Көптеген әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді қаржыландыру ең алдымен халықтың нақты есебінен қалыптасатыны белгілі. Мектептер, емханалар немесе орталықтандырылған жылумен, сумен жабдықтауға қосылуға қаражат сұрату үшін экономикалық негіздеме және халықтың нақты саны қажет. Осыған байланысты Ұлттық статистика бюросы нақты тұрғылықты жері бойынша халықтың ағымдағы санын есепке алу әдістемесіне көшуді қарқынды жүргізуі керек, - деді Айгүл Қапбарова.

Сенатор жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы облысқа көшіп-қону мәселесіне де тоқталды. Депутат қазір экономикалық ұтқырлық сертификатын ұсынудың жаңа тетігі іске қосылғанын, ол бойынша мигранттарға оның құнының 50% мөлшерінде тұрғын үй сатып алу кезінде қаржылай көмек көрсетілетінін атап өтті. Алайда, бұл сертификатты барлық мигрант ала бермейді, өйткені кейбір аймақтарда қаржы жетіспейді.

Елдің солтүстік өңірлеріне қоныс аударушылардың несиелеріне 12 ай аралығына дейін кредиттік каникул беру керек. Ел ішінде жұмыс күші тапшылығы бар өңірлерге азаматтарды қоныс аударуды ынталандыру мақсатында тиісті бейімдеу және интеграциялау орталықтары құрылуы тиіс. Экономикалық ұтқырлық сертификатының мөлшерін қала мен елдімекендегі тұрғын үйлердің нарықтағы баға айырмашылығын ескере отырып белгілеу керек. Шекара маңы өңірлерінде еңбек өтілін есептеу коэффициентін жоғарылатуды енгізу мәселесін зерделеу керек, бұл еңбекке қабілетті азаматтардың қосымша ағынын тартады, - деді сенатор Қапбарова.

Өзгелердің жаңалығы