Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласында алдағы жылдары қандай реформалар жүзеге асырылатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыс әкімі қала инфрақұрылымының тозғанын атап өтті. Сұлтанғазиевтің дерегінше, облыс орталығы болғаннан бері қаланың бюджеті 2 есеге өсіп, 48 млрд теңгеге жеткен.
Былтырдан бастап 20 шақырым жол жөнделіп, 37 шақырым электржелілері, 20 шақырым су желілері тартылды. Орталық саябақ пен көшелерді, көпқабатты үйлердің аулаларын қосқанда 65 нысан абаттандырылды. 1,7 га жағажай жайластырылды. 33 үйдің қасбеті мен шатырлары жөнделді. Жылу жүйелерінің апатты бөліктері қайта жаңғыртылды, - деді спикер ОКҚ-де өткен брифингте.
Әкім қаланың кәріз жүйесі тозғанын айтады. Биыл 10 шақырым апатты бөлігі жөнделді. Мәселе мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында толық шешілмек. Құны 20,5 млрд теңге болатын жоба әзірленіп, байқау жарияланған.
Әкім биыл Қонаев қаласының бас жоспары бекітілгенін атап өтті.
Негізгі әкімшілік ғимараттар Қонаев қаласының қазіргі аумағында салынады. 19 мың га аумақта орналасатын қала халқының саны 2050 жылға қарай 200 мың адамға жетеді деп болжануда. 2-ші кезеңде «Жаңа Іле» алаңы игеріледі. Онда әлеуметтік-тұрмыстық, мәдениет, білім беру ғимараттары, тұрғын-үй кешендері және рекреациялық мақсаттағы нысандар салынады. Жақын уақытта жаңа әкімшілік-тұрғын үй орталығын салуды көздейтін 5 жылдық кезеңге арналған Қонаевты дамытудың кешенді жоспары қабылданады. Қонаев қаласының дамуы бүкіл өңірдің дамуына тың серпін берері анық, - деді Алматы өңірінің басшысы.