Қонаев қаласы маңызды облыс орталығына айналады – Тоқаев

19 Қазан 2022, 11:06
1577
Бөлісу:
Қонаев қаласы маңызды облыс орталығына айналады – Тоқаев

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысы жұртшылығымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Биыл менің шешіміммен елімізде бірнеше облыс қайта құрылғанын білесіздер. Жетісу жерінде дербес екі аймақ пайда болды. Алматы облысының әкімшілік орталығы Қапшағайдың жағасына көшірілді. Жұрттың өтінішіне сай қалаға Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді. Мұны, шын мәнінде, тарихи әділдіктің орнауы және халықтың ортақ қалауы деуге болады. Облыс орталығы мәртебесіне ие болған Қонаев қаласы енді тың қарқынмен дамитын болады. Бұрынғы Алматы облысын екіге бөлу – аймақтағы ахуалды терең зерделеп, мұқият ойластыра отырып қабылданған шешім, – деді Тоқаев.

Сондай-ақ Президент Қонаев қаласын маңызды әрі тартымды облыс орталығына айналдыратынын айтты.

Біз бірлесе отырып, Қонаев қаласын маңызды әрі тартымды облыс орталығына айналдырамыз. Үкіметке осы мәселелерді шешуде әкімдікке қолдау көрсетуді тапсырамын. Облыс орталығын Қонаевқа көшіру жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй қорын ұлғайту, инфрақұрылымды дамыту, көшелерді абаттандыру жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Өңірде әкімшілік ғимараттар, тұрғын үйлер, ауруханалар, мектептер, балабақшалар, мәдениет және спорт нысандары жаппай салынады, санаториялық және курорттық аймақтар пайда болады. Облыс орталығын экологиясы таза, өмір сүруге қолайлы «ақылды» қала ретінде дамыту қажет. Жаңа облыс орталығына жаңа бас жоспар керек. Бұр ретте қаланың жаңа мәртебесін ескеру маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

 

Өзгелердің жаңалығы