Президент биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында экономика мен техникалық салада мамандар тапшылығы барын айтқаны мәлім. Тапсырманың іс жүзінде орындалуы Астанада өткен International Education Fair білім көрмесінде көрініс тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шабыт пен мүмкіндік
Халықаралық білім көрмесі IEF – жыл сайынғы университеттер мен олардың өкілдері, сонымен қатар оқушылар мен студенттерді бір араға алып келетін іс шарасы.
Бүгінгі халықаралық білім көрмесіне 50 мемлекеттен 60 жоғары оқу орны келіп қатысып отыр. Атап айтар болсам, Австралия, Германия, Түркия, Литва сынды елдердің өкілдері ат басын бұрды. Көрмені Астанада бастап, Ташкент қаласында аяқтаймыз. Көрме 2017 жылдан бері өткізіліп келеді. Көрменің мақсаты – шекараларды ашу. Білім деген ешқандай шекарасыз болуы керек деп ойлаймын. Осындай көрменің арқасында адамдар тегін оқу, ел, жер көру сынды көптеген мүмкіндікке ие болады. Мысалы, Татарстан мен Әзірбайжаннан осы көрмеге инженерлік бағыттағы оқу ордалары қатысуда, - деп түсіндірді іс-шараға мұрындық болған «Болашақ» даму қорының директоры Балжан Сержан.
50 елден – 60 білім ордасы
Елордада түндігі түрілген Азиядағы ең ірі білім көрмесін ауқымды іс-шара деп айтуға әбден болады. Мүнда әлемнің 50 елінен алпыстан астам университет өкілдері келіп, түлектерге оқуға түсудің жолын түсіндірді.
Талапкерлер мұнда шетелдегі жоғары оқу орындары туралы біліп қана қоймай, грантқа өтініш бере алады. Осылайша, білім қолжетімдігі арта түседі.
Еліміздің бас қаласынан кейін көрме Алматы мен Шымкент қалаларында өткізіледі деп жоспарлануда.
Бұл жерде әртүрлі грант бар. Мысалы, "Болашақ" бағдарламасымен баратын болса, студенттің грантты өтеуіне міндеті бар. Халықаралық стипендиялар болса, ол жерде грантты өтеудің ешқандай бір шарттары жоқ. Оқу біткеннен кейін 1 жыл көлемінде виза тағы береді. Сол 1 жыл көлемінде студент сол елде жұмыс таба алса, мүмкіндігі болса, әрі қарай жалғастырады, - дейді ұйымдастырушылардың бірі Батырхан Әміртаев.
Жастарға жақсы платформа
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрмеге әр жылы кем дегенде 5 мың талапкер келіп мүмкіндіктермен танысады. Былайша айтқанда, бұл әртүрлі жоғары оқу орындары мен стипендиялық бағдарламаларымен танысуға, сондай-ақ оқытушылар мен студенттер және олардың ата-аналары сөйлесуге болатын бірегей платформа.
Осы көрменің өзіне 5 мыңнан астам талапкер келіп көріп, қызығушылықтарын білдіріп жатыр. Осы көрменің арқасында кем дегенде 50 талапкер студент атанады екен. Кейде университеттің сайтында жоқ білім гранты бағдарламаларымен осы жерде тікелей өкілден алуға болатын жағдайлар кездеседі. Еріктілеріміз – аудармашыларымыз бар. Олар бәрін түсіндіріп, жол сілтейді. Көрме – жастар үшін, ел болашағы үшін жақсы платформа. Еларалық бірлікті нығайтып, мемлекетімізді таныстыруға жол ашады. Мысалы, Австралиядан келген өкіл Қазақстанға бірінші рет келген. Қай жағынан болсын тиімді. Шетелдіктер талапкерлерімізге қызығушылық танытуда. Біздің оқушылардың білім сапасына жақсы деген баға берді, - дейді Балжан Сержан.
Жаһандағы ең қымбат «валюта» – білім
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өз Жолдауында қазіргі таңда әлемдегі бәсекелестікті құра білу үшін, сапалы кадрлар мен жастар арасындағы білімнің жоғары дәрежесін айтты.
Шынымен де, қазіргі таңдағы жаһандағы ең қымбат валюталардың бірі – ол білім.
Жетінші рет ұйымдастырылған көрмеге АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Австралия секілді құрлықтағы үздік елдердің университтері мен «Түркие Бурслары» секілді әлемнің танымал халықаралық стипендиялық бағдарламалары да өзінің мүмкіндіктерін жастарға таныстыруға мүмкіндік алды. Шетелдегі университеттерден бөлек отандық үздіктердің қатарындағы Назарбаев және КИМЕП жоғарғы оқу орындары да бұл шараның төрінде табылды.
Арнайы қонақтардың әрбірі білім жолында осындай мүмкіндіктерді пайдалану үшін жастарымыз ақпараттандырылуы қажет деп отыр. Ал осындай ауқымдағы халықаралық білім көрмелерінің осы тұрғыда қосар үлесі зор екені сөзсіз.
Дамыған елдің жастары білімді
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мәліметінше, әлемнің дамыған елдеріндегі жоғары білімі бар халықтың үлесі Қазақстанның деңгейінен айтарлықтай жоғары.
Мәселен, АҚШ-та бұл көрсеткіш – 46%, Ұлыбританияда – 46%, Канадада – 57%, Жапонияда – 51%, Кореяда – 48%-ды құрайды. Ал біздің елде бұл 40%-дан аспайды.
Осы орайда, Қазақстандағы жоғары білім сапасы дамыған елдердегі деңгейге жол беріп отыр. Сәйкесінше, әлемдік нарықта бәсекеге түсе алу үшін халықтың білім сапасын да арттыру керек деген сөз.
Мұны шешудің бір жолы – шетелдегі білім беру бағдарламаларын кеңейту есебінен елдің кадрлық әлеуетін арттыру.
Бұған үш негізгі себеп те бар.
Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттыратынын айтқан еді.
Сондай-ақ мемлекетте экономиканың нақты салалары бойынша білікті мамандар дайындауға жоғары қажеттілік бар.
Мысалы, Цифрлық даму министрлігі жыл сайын ІТ-мамандарына сұраныс 30 мың адамды құрайтынын атады.
Мұндай қажеттілік қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, киберқауіпсіздік, биоинформатика, фармакогенетика сынды жаһандық бәсекеге қабілеттілікке ықпал ететін өзге де маңызды салаларда бар.
Жасанды интеллект, технология мен робототехника белсенді дамып келе жатқан ғасырда жаһандық бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету үшн әсіресе терең білім мен білікті тәжірибені меңгерген сапалы адами капиталды дайындау маңызды.
Білімді ұрпақ – мықты мемлекеттің кепілі екені даусыз.