Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы XI ғасырдағы құнды картаның көшірмесімен толықты

9 Қыркүйек 2025, 03:25
531
Бөлісу:

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қорына XI ғасырдың тарихи мұрасы – Орталық Азия картасының көшірмесі тапсырылды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Картаның түпнұсқасы Оксфорд университетінің Бодлиан кітапханасында сақталған «MS. Arab. c. 90» шифрлы қолжазбаның құрамында кездеседі. Бұл артефакт XI ғасырдағы космология мен географияға арналған «Китаб гараиб әл-фунун уа мулях әл-уюн» («Ғылымдардың ғажайыптары мен көз сүйсінерлік нәрселер кітабы») атты еңбектің жалғыз белгілі нұсқасы болып саналады. Құнды жәдігерді Қазақстанға Ұлыбритания елшілігі табыстады.

Зерттеушілердің мәліметінше, қолжазба XII ғасырдың соңы мен XIII ғасырдың басында Мысырда жазылған. Картаның ерекшелігі – онда қазіргі Қазақстан аумағындағы Жанкент қаласы арабша «Әл-кария әл-хадиса» («Жаңа қала») деп белгіленген. Жанкент VIII–XI ғасырларда оғыз мемлекетінің астанасы болған. Сонымен қатар картада Оңтүстік Қазақстандағы бірқатар маңызды қалалар бейнеленген.

Аталған қолжазба 2002 жылы қайырымдылық ұйымдарының қолдауымен сатып алынып, кейін толық цифрландырылған. Бүгінде ол ортағасырлық ислам географиясы мен кітап өнерін зерттеуге арналған маңызды дереккөздердің бірі саналады.

XI ғасырдың картасы Орта Азия мен Қазақстан тарихына қатысты ғылыми, мәдени және ұлттық тұрғыдан ерекше маңызға ие мұра болып отыр.

Өзгелердің жаңалығы