Қолдау нақты өндірушіге жетуі керек: «Ауыл» партиясы мал шаруашылығын дамыту мәселелерін талқылады

18 Тамыз 2026, 19:45
АВТОР
 «Ауыл» партиясы 18 Тамыз 2026, 19:45
18 Тамыз 2026, 19:45
58
Фото: «Ауыл» партиясы

Қолжетімді қаржыландыру, мемлекеттік қолдаудың уақтылы көрсетілуі және шаруашылық жүргізудің түсінікті әрі тұрақты шарттары – Ақмола облысы Сандықтау ауданы Приозёрное ауылындағы «Агро LAKE» ЖШС ұжымымен кездесуде көтерілген негізгі мәселелердің бірі болды. Кәсіпорын еңбеккерлерімен Құрылтай депутаттығына «Ауыл» партиясынан кандидаттар кездесті.

Шаруашылық жылқы және ірі қара өсірумен айналысады. Бүгінде мұнда 450 бас ірі қара бар. Мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпорын үшін жем-шөп қоры, ветеринариялық қызмет, қаржыландыруға қолжетімділік пен өндірісті кеңейту мүмкіндігі – шаруашылықтың алдағы дамуына тікелей әсер ететін маңызды мәселелер.

Кандидаттар Серік Егізбаев, Ильяс Досхожаев және Айнагуль Устемирова кәсіпорын қызметкерлерімен осы мәселелер төңірегінде пікір алмасты. Әңгіме барысында қаржы құралдары мен мемлекеттік қолдау тетіктерінің қолжетімділігі, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін тұрақты жағдай қалыптастыру, жем-шөп базасын дамыту және шаруашылықтарды кеңейту мүмкіндіктері сөз болды.

Бұл мәселелер «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы ұсыныстармен тікелей сабақтас. Партия аграршыларды субсидиялау жүйесі уақтылы әрі әділ болуы керек деп санайды. Мемлекеттік қолдау ең алдымен нақты өнім өндіріп, жұмыс орындарын ашып отырған шаруашылықтарға жетуі тиіс.

Бағдарламадағы тағы бір маңызды ұсыныс – Агробанк құру және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қолжетімді қаржы тетіктерін дамыту. Сонымен қатар кәсіп жүргізудің тұрақты әрі алдын ала болжам жасауға мүмкіндік беретін ережелерін қалыптастыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өңдеу және өткізу бағытындағы кооперацияны дамытуға ерекше мән берілген.

«Ауыл» партиясы үшін мал шаруашылығын дамыту – бір саланың көрсеткіштерін арттырумен ғана шектелмейді. Мұндай шаруашылықтардың тұрақты жұмыс істеуі ауылдағы жұмыспен қамтуға, отбасылардың табысына, отандық өнім көлемінің артуына және ауылдық аумақтардың орнықты дамуына тікелей ықпал етеді.

«Агро LAKE» ұжымымен өткен кездесу ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің нақты сұранысын тағы бір аңғартты: шаруашылықтардың дамуы үшін бір реттік шаралар емес, қолжетімді қаржыландыру, дер кезінде көрсетілетін қолдау және түсінікті жұмыс тәртібі қажет. «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасында дәл осы тетіктерге басымдық берілген.

Наверх