Қоғамдық кеңес мүшелері фермерлік базардың жұмысын тексерді

24 Қаңтар 2023, 16:57
1396
Бөлісу:
Қоғамдық кеңес мүшелері фермерлік базардың жұмысын тексерді
Фото: автордан

Ертіс өңірінің қоғамдық кеңес мүшелері ауыл шаруашылығы өнімдері саудаланатын фермерлік нарықтың жұмысын тексеріп, рейдке шықты, деп хабарлайды Павлодардағы BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Абзал Нәбиевтің айтуынша, «Жайлау» нарығында саудаланатын азық-түліктің бағасы, бұл жердің логистикасы қаралды.

«Басты мақсат – әлеуметтік азықтың бағасын көру. Баға шынында да таратылған ақпаратқа сай. Олардың барлығы әлеуметтік санаттағы азық түрлеріне сәйкес. Ауытқу болған жоқ. Бірақ, базарға жету жағын қарастыру керек. Тұрғындар үшін біраз ыңғайсыздау, нысан халық үшін қолжетімді болуы керек. Бұл мәселені алдағы уақытта шешу керек. Мәселен, трамвайлар мен автобустар үшін жаңа маршруттар керек. Аялдамалар да алыс болмау керек», - дейді Абзал Нәбиев. 

Кеңес мүшелерінің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы нарықтағы бағадан 15-20%-ға төмен. Сатып алушылар да баға айырмасын байқаған.

«Қаламыздың кей шағын аудандарынан бұл базарға қоғамдық көлік қатынамайды екен. Тұрғындар бірнеше бағыт бойынша жетуге мәжбүр. Қазіргі уақытта біз бұл мәселе бойынша кеңестерімізді жинап жатырмыз. Тікелей жүретін автобус санын арттыру керек», - дейді кеңес мүшесі Асылбек Туғанбай. 

Айта кетейік, әлеуметтік базар өткен жылдың соңында ашылды. 1000 шаршы метр аумақты алып жатқан сауда алаңын 30 шару ақожалығы жалға алып, сапалы өнімдерін ұсынуда. Ең бастысы, азық-үлікті тұтынушыға делдалсыз тікелей жеткізу. Нарық аптасына алты күн ашық.

Өзгелердің жаңалығы