Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы, саясаттанушы Қазбек Майгельдинов Sarap эксперттік клубының кезекті отырысында референдумды кімдер қолдамайтынын айтты.
Қоғамда әлі де болса осы референдумды қолдамайтын, осы референдум өтпесе екен, саяси жүйе ескі президенттік жүйе болып қала берсе екен, әкімдер өзінің қандай да бір өкілеттігін сақтап қалса екен дегендер бар және олигархат бар. Ескі жүйе референдумды қолдамайды және байкотқа шақыруға да біраз бастамаларды әлеуметтік желіде көріп жатырмыз, – деді ол.
Сонымен қатар, жиында Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтану зерттеулер бөлімінің жетекшісі Жанна Кәрімова мамыр айында институт тарапынан өткізілген, Қазақстанның әр аймағынан 1200 респондент қатысқан референдумға қатысты телефондық сауалнама нәтижесімен бөлісті.
18-ден асқан азаматтар арасында сұрау жүргіздік. Зерттеу көрсетіп отырғандай, респонденттердің 76,4 пайызы Конституцияға өзгерістерді енгізу бойынша референдумды өткізу идеясын қолдайды. Респонденттердің 66,4 пайызы референдумға келмекші, – деді ол.
Жанна Кәрімова өз сөзінде ақпараттық жұмыстарды өткізу үшін өте аз уақыт қалғанын, осыны ескеріп, әрбір Конституцияға енетін толықтырулар мен өзгертулер бойынша ақпараттық жұмыстарды жеделдетудің маңызын айтып өтті. Ол конституциялық сот деген не екенін әрбір қазақстандық түсіне бермейтінін және конституцияға енетін өзгерістің жеке адам өміріне ықпалы қандай екеніне тоқталудың қажет екенін алға тартты.