Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Қобда ауданының Қобда ауылында болып, көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге арналып салынып жатқан 24 үйдің құрылыс жоспарымен танысты деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жаңа үйлер Қобда ауылының Жаңақоныс шағын ауданында бой көтереді. Барлық инфрақұрылым бар, көгілдір отын, ауызсу, электр қуаты тартылған. Үйлер биылғы жылдың 1 маусымында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Ералы Тоғжанов құрылыс алаңына жиналған қобдалықтармен жүздесіп, Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келген бүгінгі бастаманың маңыздылығына тоқталды.
Қобда ауылында орын алған табиғи апатқа қарамастан, біз бірлігіміз, ынтымағымызды көрсетіп, үлкен істі бастағалы отырмыз. Міне бүгін Наурыз мейрамында үйлердің қазығы қағылды. Құрылыс барысында өздеріңізбен бірге боламын. Көп созбай, екі айдың ішінде құрылысты бітіреміз. Осындай істе бір-бірімізді демесек, еліміз тұрақты дамиды, - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Сол қиын күндерді басымыздан өткердік. 20 жыл Қобда ауылында тұрсам да, бірінші рет су тасқынын көрдім. Үйім жарамсыз болып қалды. Үйді осы Жаңақоныс шағын ауданынан саламыз дегенде қуандым. Өйткені, газ, су, жарығы тартылған. Үйдің жоспарын көрдім. Өте кең, әдемі болады деп ойлаймын. Қоныстанған соң, қожалық ашып, мал бағуды ойлап отырмын, - деп ауыл тұрғыны Жаңабай Шәріпұлы облыс әкіміне алғысын білдіріп, бастамаға сәттілік тіледі.
Аумағы 100 шаршы метрді құрайтын біртиптік үйлердің құрылысымен бес мердігер, атап айтқанда «Бабек-Құрылыс», «Ұлан», «Альянс Сервис», «СтройКомСервис», «AiserStroyService» компаниялары айналысады.
Өңір басшысымен тапсырмасымен Қобда ауылында орын алған төтенше жағдайға байланысты үй салуды бастаймыз. Бір үйдің аумағы 100 шаршы метр. Төрт бөлмелі, іші таза әрлеумен болады. Қазіргі таңда жергілікті құрылыс мекемелеріне бес үйден бөліп беріп жатыр. Жоспар бойынша үйлер екі айдың ішінде аяқталады, - деді AiserStroyService компаниясының бас директоры Айдын Есмұханов.
Облыс әкімі құрылыс компаниялары әр үйдің сапалы болуына бар күштерін салатынына, белгіленген мерзімде оны пайдалануға беретініне сенім білдірді.
Сондай-ақ, Қобда ауылының шаруа қожалықтары да үй тұрғызуға ынталы. Мәселен, «Бәйтерек» және «Алтын дала» шаруа қожалықтары ауылдағы жас маман – ветеринардың баспанасын салуға көмектеседі. Мұндағы мақсат – ауылда жас мамандардың қалуына сеп болу, жағдай жасау.
Жалпы, Қобда ауылында әлі де аудан әкімі Б.Құловтың шешімімен жарияланған төтенше жағдай режімі сақталуда. 24 үй төтенше жағдайға қарастырылған бюджетке салынады.
Су тасқыны кезеңінде Қобда ауылында 78 үй, 22 аула аумағы еріген қар суының астында қалды. Залалды бағалау жөніндегі комиссияның алдын-ала мәліметтеріне сәйкес, 7 үй қалпына келтірілмейді, 4 үйдің қабырғалары құлаған, олар апатты деп танылды, 13 үй суда тұр.