ҚХА қоғам бірлігін сақтауда маңызды жұмыс атқарып келеді – Мемлекет басшысы

18 Маусым 2019, 18:27
2086
Бөлісу:
ҚХА қоғам бірлігін сақтауда маңызды жұмыс атқарып келеді – Мемлекет басшысы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан халқы Ассамблеясының қазіргі жұмыстары, ұйымның XXVII сессиясында берілген тапсырмалардың жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ еліміздегі этносаралық қатынас саласындағы жағдайлар жөнінде баяндалды.

Қазақстан Президенті Ассамблеяның жүргізіп жатқан жұмыстары үшін Ж.Түймебаевқа ризашылық білдірді.

– Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді жұмысы, соның ішінде президент сайлауы барысындағы еңбегі үшін, ризашылық білдіремін. Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамымыздың бірлігін сақтау үшін маңызды жұмыс атқарып келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Ж.Түймебаев Мемлекет басшысына Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарының әзірлену барысы туралы мәлімдеді.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.

Өзгелердің жаңалығы