«БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС-нің бұрынғы қызметкерлерін «Мөлдір Мұнай Сервис» компаниясына жұмысқа орналастыру бастамасына қатысты түсініктеме берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осыған дейін 29 мамырда «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «Мөлдір Мұнай Сервис» ЖШС басшылығы «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС бұрынғы қызметкерлерімен кездескені туралы хабарланды.
Бұл кездесуде оларға жалақысын сақтай отырып, «Мөлдір Мұнай Сервис» компаниясына жұмысқа орналасу туралы ұсыныс айтылды. Кейінірек «БерӘлі» компаниясының бұрынғы бір топ қызметкері мәлімдеме жасап, оларды жұмыспен қамту мәселесі әлі де шешілмей жатқанын, ал ұсынылған кәсіпорын өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларына сай келмейтінін және арнайы техникамен жабдықталмағанын айтты.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті мен «Өзенмұнайгаз» АҚ «Мөлдір Мұнай Сервис» компаниясына қажетті тексерулер жүргізіп жатқанын атап өткен жөн.
Қазіргі уақытта анықталған аз-маз кемшіліктер жойылып жатыр. Жақын күндері уәкілетті орган қайта тексереді деп күтілуде. Сонымен қатар кездесуде «Кезби» ЖШС мен «Мөлдір Мұнай Сервис» ЖШС арасында «Өзенмұнайгаз» АҚ-тың 3 жылдық тендеріне қатысу үшін консорциум құру туралы келісім ұсынылды. Бұл консорциум ұңғымаларды жөндеуге арналған көтермелі агрегаттарды, арнайы техникалар мен басқа да жабдықтарды жаңарту бойынша ұзақ мерзімді жоспар әзірлеп, қабылдап жатыр.
Бұл – «БерӘлі» қызметкерлерін жұмысқа орналастыруға қатысты алғашқы ұсыныс емес. Екі ай бойы осы секілді түрлі ұсыныстарды үнемі айтып келеміз. Алайда, әр жолы түрлі талаптар қойып, олардан бас тартып отырды. Тендерлер жыл сайын өтетінін білесіздер: компаниялардың бірі тендерді ұтса, екіншілері ұтылып жатады. Алайда, біз ұтылған компанияның қызметкерлерін әрдайым жұмыспен қамтимыз. Былтырғы жылдың соңынан бастап Маңғыстау облысындағы еншілес компаниялар бойынша 192 тендер өткіздік, 57 позиция бойынша жаңа мердігерлер келді. Әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін біз бұл мекемелерге ұтылған компаниялардың 3 мыңнан астам қызметкерін ауыстырдық. Еліміздің бірде-бір өнеркәсіп саласында мұндай жұмыс жүргізілмейді. Қиындық тек «БерӘлі» компаниясымен туындап отыр. Алайда біз «БерӘлі» тендерден ұтылған кезде, бірден жұмысшыларға тендерде ұтқан компанияға бұрынғы шартпен жұмысқа орналасуды ұсынған болатынбыз,– деді арнайы жұмыс тобының жетекшісі, ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары Д.Хасанов.