Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлинь Қытай мен Қазақстанды “жаңғыру жолындағы серіктестер” деп атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елшінің айтуынша, Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің пленумы елдің сыртқы ашықтығын жоғары деңгейде кеңейту, жаңа өсім көздерін дамыту және өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындау қажеттігін атап өтті. Бұл бастамалар барлық елдер үшін, соның ішінде Қазақстан үшін де ортақ дамуға зор мүмкіндік туғызатынын жеткізді.
Қытай мен Қазақстан өз даму және жаңғыруының маңызды кезеңінде тұр. Біз – заманауи жаңғыру жолында бірге ілгерілеп келе жатқан серіктес мемлекеттерміз, – деді ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде.
Хань Чуньлиньнің айтуынша, Қытай тарапы алдағы 15-бесжылдық даму жоспарын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстанмен даму стратегияларын ұштастыруға, саяси өзара сенімді тереңдетуге және негізгі ұлттық мүдделер бойынша бір-біріне қолдау көрсетуге дайын.
Елші екі ел арасындағы жан-жақты әрі өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға басымдық берілетінін атап өтті.
Біз бірге Қытай мен Қазақстан халқының игілігі үшін мәңгі достыққа, өзара сенім мен ынтымаққа, өркендеу мен тұрақты дамуға негізделген ортақ тағдыр қауымдастығын қалыптастырамыз. Бұл әлемдегі тұрақтылық пен позитивті энергияны арттыруға да өз үлесін қосады, – деді Хань Чуньлинь.
Еске сала кетейік, Оңтүстік Кореяда АҚШ президенті Дональд Трамп пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин кездескен болатын. Келіссөздер нәтижесінде АҚШ Қытайға қатысты баж салығын төмендетті.