ҚХА су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау көрсетеді

28 Маусым 2024, 13:21
282
Бөлісу:
ҚХА су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау көрсетеді
Фото: ҚХА

Қазақстан халқы Ассамблеясы су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау көрсетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі баспанасынан айырылған отбасылар үшін тұрғын үй алып беру арқылы нақты көмек көрсетуді жалғастыруда.

ҚХА-ның «Жүректен жүрекке» арнайы жобасы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері - ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының инспекторы Мұхтар Құлжан және «Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоры» қоғамдық қорының басшысы Рафик Мирзоев зардап шеккендерге баспана беру үшін су тасқыны болған өңірлерге арнайы барды.

ҚХА мүшелері тарапынан Ақмола және Қостанай облыстарында тұрғын үйінен айырылған отбасыларға үйлер сатып алынды. Ассамблея өкілдері ең бірінші Қабиденовтар отбасын қуантты: Ақмола облысы Жарқайың ауданы Державинск қаласының тұрғындары ерлі-зайыпты Дархан мен Ксенияға үй беріліп, көмек көрсетілді. Олардың үйі су тасқынынан қирап, қалпына келтіру мүмкін болмаған.

Тұрғын үй алған келесі тұрғын-Қостанай облысының Арқалық қаласынан Айман Казова. Ол төрт баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ана. Арқалық қаласының маңында орналасқан оның үйін де қалпына келтіру мүмкін емес. Айманның құқық белгілейтін құжаттармен де мәселелер болған. Сондықтан баспана алуға үмітін үзіп үлгерген еді. Ассамблеяның көмегі оған жаңа үміт сыйлады.

Қостанай облысы Қарасу ауданының Восток ауылының тұрғыны, бес баланы тәрбиелеп отырған Анна Косолапова су тасқыны салдарынан жалға алған үйінен айырылған. Оның да құқық белгілейтін құжаттарымен мәселелер болған. Осы уақытқа дейін өз үйінде тұруды армандап келген Анна бұл бақытты сәтке сенер сенбесін білмей қуануда.

Біз Қазақстан халқы Ассамблеясына қиын кезеңдерде қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамыз. Расында ғажайыптың болатынына сенім күшейді, - дейді Анна Косолапова. Енді көп балалы ана өзінің жаңа пәтеріне көшіп, қоныс тойын тойлайды.

ҚХА халықтың жанында жүріп, табиғи апатқа байланысты қиын жағдайға тап болғандарға көмек қолын созуда. Үйлер мұқтаж жандарға берілуде. Көмек көрсетілетін отбасылар көп балалы, кейбірінің асыраушысы жоқ, балаларының мүгедектігі бар, кейбірінің құқықтарын белгілейтін құжаттармен мәселелер туындаған, жалдамалы пәтерде тұратыны да тұрмайтыны да бар.

Айта кетейік, су тасқынының алғашқы күндерінен бастап ҚХА табиғи апатқа қарсы күресте көмегін аяған жоқ. Аймақтардағы Достық үйлерінде еріктілер орталықтары мен гуманитарлық көмектерді қабылдау пункттері ашылды, онда 12 мыңнан астам еріктілер ең ауыр және қауіпті учаскелерде көмек көрсетті. Өңірлік ҚХА өкілдері зардап шеккен өңірлерге 1727 тоннадан астам азық-түлік және алғашқы кезде қажет тауарларды жіберді. Сондай-ақ 85 жүк машинасымен гуманитарлық көмек жөнелтілді (орташа және ауыр жүк фуралары және т.б.), 60 арнайы техника (экскаваторлар, Камаздар, самосвалдар және т.б.) тартылды. Көрсетілген гуманитарлық көмек сомасы - 807,4 млн теңгеден астам. Сондай-ақ, құрылыс материалдарымен де көмек көрсетілді.

ҚХА-ның су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі жұмысы жалғасуда, бұл табиғи апат жағдайында қазақстандықтардың достық пен ынтымағының беріктігін көрсетеді.

ҚХА – кең жүректі адамдарды тоғыстырған, Қазақстан халқының үлкен бір отбасы екенін нақты істерімен әрдайым дәлелдеп келеді.

Өзгелердің жаңалығы