ҚФФ-да жаңа президент сайланды. Бас бапкер ауысты. Осылайша қазақ футболы 2025 жылы біраз өзгерістермен басталды. Алдағы жоспарын білу үшін жақында ҚФФ президентінің кеңесшісі қызметіне тағайындалған Нұрсұлтан Құрманмен сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
- Федерацияда біраз өзгерістер болды. Бас бапкер ауысты. Жаңадан келген Әли Әливке ойыншылардың пікірі қандай? Қалай қабылдап жатыр?
Иә үлкен өзгерістер болып жатыр. Жаңадан сайланған ҚФФ президенті Марат Омаров мырза батыл қадамдар жасалады деп айтқан болатын. Соның алғашқысы бас бапкердің ауысуы. Жаңадан Әли Әлиев келді. Ол отандық бапкер. Клубтық деңгейде де, ойыншы ретінде де тәжірибесі мол. Командасына да Нұрлан Жұмасқалиев, Елдос Ахметов сынды бапкерлер жиналды. Құрама ойыншыларының пікірі жақсы. Менталитет, көзқарас бір. Ел алдындағы жауапкершілікті сезінеді деп ойлаймыз.
- Құрамадағы ойыншылар ауыса ма?
Құрамадағы ойыншылар жаңа бапкер келгеннен кейін 100% өзгермейді. Бірақ жаңа толқын келеді. Жаңа есімдер пайда болады. Жасарту процесі жүреді. Қазіргі таңда өзінің кәсіби шеберлігімен дәлелдеп жүрген ойыншылар қалады.
- Легионерлерге шектеу қойылып жатыр. Ұлттық құрамаға қалай әсер етеді?
Легионерлерге шектеу қою мәселесі әрбір жеке кулбтың ішкі саясатына қатысты жүзеге асып жатыр. Ішкі чемпионатта жаңа есімдер пайда болатыны сөзсіз. Жергілікті ойыншылардың тәжірибесі де артады деген ойдамын. Ұлттық құрамаға қаншалықты әсер ететінін алдағы уақыт көрсетер. Менің ойымша, бұл ішкі регламенттен гөрі ұлттық құрамадағы атмосфера , бапкер мен команда арасындағы синтез негізгі фактор.
- Қазір шетелдік клубтарда ойнап жүрген жігіттер кімдер? Жас футболшыларды дамыту бойынша федерацияның нақты жоспары қандай?
Шетелдік клубта ойнап жүрген жегіттеріміз барлығына мәлім деп ойлаймын. Абат Айымбетов "Адана" , Бахтиер Зайнутдинов "Бешикташ", Нұрәлі Әліп "Зенит", Максим Самородов "Ахмат" сынды клубтарда ойнап жүр. Қазір бірнеше ойыншыларымыз шетелдік клубтармен келісім шартпен ойнауға дайын. Дастан Сатпаев "Челси" клубымен келісім шарт жасады. Жас футболшыларды дамыту бойынша федерацияның жоспарлары бар. Әрбір категорияға яғни U16 дан бүкіл жастар құрамысына дейін кешенді жұмыстар атқарылады. Талғардағы база үлкен жөндеу жұмыстарынан өтеді. Балалардың ойын тәжірибесін арттыру үшін жолдастық кездесулердің саны артады. Жаңа әдістемелік нұсқаулар келеді.
- Жасөспірімдер лигасын дамытуға байланысты қандай жобалар бар?
Бізде барлығының лигалары бар. Бізге ең бастысы ол жерге жақсы инфраструктура және қаржылай тұрғыдан клубтарға ыңғайлы болатындай жеңілдіктер жасау. Біз оны ҚПЛ жасап жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей осы маусымнан бастап төрешілерге кететін шығынды ҚФФ өзіне алады. Клубтар дәл осы төрешілердің келіп-кету, жатын орынмен бас қатырмайды. Сондай-ақ клубтарға маусым жарнасын 10%-ға қысқартты. Медиа жағын дамыту болады. Осындай өзгерістер орын алып жатыр.
- Сұхбат бергеніңізге рахмет!