- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Күтпеген шешім: ҚФФ басшылығына шетелдік маман тағайындалды
Күтпеген шешім: ҚФФ басшылығына шетелдік маман тағайындалды
Қазақстан футболы тарихында бұрын-соңды болмаған ірі кадрлық шешім қабылданды.
Бүгiн 2026, 15:20
Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) бас хатшысы қызметіне Скотт Манн тағайындалды. Бұл – Қазақстан футболы тарихында федерациядағы басшылық қызметке алғаш рет шетелдік маманның келуі. Жаңа бас хатшы туралы не белгілі? Оның тәжірибесі мен беделі қандай? Әлемде футбол федерацияларындағы жетекші қызметтерге шетелдік мамандарды тағайындау қаншалықты жиі кездеседі? Бұл туралы BAQ.KZ тілшісінің материалында.
Марат Омаров ұсынған кандидатура
Ең алдымен, Скотт Маннның кандидатурасын ҚФФ президенті Марат Омаров ұсынғанын атап өткен жөн. Маннды таныстырған федерация оны «әлемдегі ең беделді футбол менеджерлерінің бірі» деп атады.
Оның еңбек жолында:
- Tottenham Hotspur клубында 2023–2025 жылдары футбол жөніндегі директор қызметін атқарып, академияны, ерлер және әйелдер командаларын басқарған. Осы кезеңде клуб 2024/25 жылғы маусымда УЕФА Еуропа лигасын жеңіп алды.
- Қытайдағы City Football Group құрылымында «Сычуань Цзюньню» футбол клубының бас директоры әрі директорлар кеңесінің төрағасы болған.
- Melbourne City клубының алғашқы бас директоры атанып, клубтың нөлден бастап қалыптасуына қатысқан. Ірі демеушілер тартуға және жаттығу базасының құрылысына жетекшілік еткен.
Сондай-ақ Манн Қытай футболындағы реформаларға қатысып, City Football Group компаниясының клубты стратегиялық сатып алу жобасына атсалысқан.
Скотт Манн қызметіне 2026 жылғы 13 шілдеде кіріседі. Оның өкілеттік мерзімі 2030 жылғы 12 шілдеге дейін жалғасады.
Бұл қызметте ол 2025 жылдың сәуірінен бері ҚФФ бас хатшысы болған Давид Лорияның орнын басады.
«Маннның беделі жақсы»
BAQ.KZ тілшісі әлемдік спорт индустриясының жетекші сарапшыларының бірі, профессор Саймон Чедвикпен байланысқа шықты.
Ол Франция, Испания, Германия, Қытай, Бразилия, Жапония және Мароккодағы беделді бизнес мектептерінде дәріс оқыған. Сондай-ақ FIFA, UEFA, FC Barcelona, Adidas, Nike, Coca-Cola және PwC секілді ірі ұйымдармен жұмыс істеген. Профессор ұзақ жылдар бойы Forbes, The Economist, Arabian Gulf Business Insight, Asia and the Pacific Policy Forum, Amwaj, CityAM және Doha News басылымдарында колумнист әрі автор ретінде танылған.
Чедвиктің негізгі қызметтерінің қатарында 2022 жылы Қатарда өткен FIFA әлем чемпионатын ұйымдастырушылар үшін зерттеу директоры болғаны бар. Сонымен қатар ол Women in Sport ұйымында зерттеу директоры қызметін атқарып, UEFA ұйымымен жиырма жылға жуық уақыт бойы әріптестік орнатқан.
Профессор BAQ.KZ-ке берген эксклюзив пікірінде Скотт Маннның ҚФФ-ға тағайындалуына қатысты ойын айтты.
Скотт Маннның кәсіби беделі туралы сөз қозғаған профессор оның халықаралық тәжірибесі мен әлемдегі жетекші футбол клубтарындағы қызметін ерекше атап өтті.
Манн бірнеше елде жұмыс істеп, әлемдегі ең ықпалды футбол клубтарының бірқатарымен әріптестік орнатқандықтан, жақсы беделге ие. Оның City Football Group құрылымындағы жұмысы әлемдік спорттағы ең инновациялық әрі стратегиялық тұрғыдан батыл ұйымдардың бірінде тәжірибе жинауына мүмкіндік берді. Ал Tottenham Hotspur клубындағы кезеңі команданың ірі еуропалық турнирдегі жеңісімен тұспа-тұс келді, – деді ол.
Tottenham Hotspur клубының қазіргі жағдайына баға берген профессор Саймон Чедвик соңғы жылдардағы спорттық жетістіктермен қатар, команданың футболдан тыс бағыттағы тұрақты дамуын да атап өтті.
Клуб Англия футболының жоғары дивизионында тұрақты өнер көрсетіп келеді. Өткен жылы Tottenham УЕФА Еуропа лигасын жеңіп алды, сондай-ақ 2019 жылы УЕФА Чемпиондар лигасының финалына дейін жеткен болатын. Алайда осы маусымда команда Англия Премьер-лигасындағы орнын сақтап қалу үшін күресіп жатыр. Жалпы алғанда, Tottenham қаржылық тұрғыдан тұрақты әрі коммерциялық жағынан табысты, басқару жүйесі жақсы жолға қойылған клуб ретінде бағаланады. Бірнеше жыл бұрын клуб инновациялық стадион салып, ол әлі күнге дейін осындай инфрақұрылымдық жобаларға үлгі ретінде қарастырылады. Дегенмен клубтың тым сақ әрі консерватив ұйым деген де беделі бар. Соның салдарынан кейде басты қарсыластарымен бәсекелесу қиынға соғады, – деді сарапшы.
Федерация басшыларының ұлттық құрамаға әсері
Қазақстанда алғаш рет Қазақстан футбол федерациясындағы жетекші қызметке шетелдік маман келгелі отыр. Біз әлемдік футболда мұндай тәжірибе қаншалықты кең таралғанын сұрадық.
Саймон Чедвик бұл туралы былай деді:
Бүгінде алаң сыртындағы басқарушы кадрлар нарығы да футболшылар нарығы секілді жаһандық әрі бәсекелі ортаға айналды. Paris Saint-Germain құрамында британдық мамандар көп жұмыс істейді, ндарды тарту қазіргі футбол индустриясы үшін қалыпты құбылысқа айналды.
Ұлттық футбол федерацияларындағы басқару жүйесі футболдың дамуына және ұлттық құраманың нәтижесіне қаншалықты әсер етеді деген сұраққа профессор бірнеше маңызды факторды атады.
Біріншіден, жеңіске жететін командаларды қалыптастыратын мәдениет құру маңызды. Екіншіден – ұйым жұмысына мақсат, бағыт пен тәртіп беретін стратегия әзірлеу қажет. Үшіншіден, түрлі индустрияда тәжірибесі бар, білімі жоғары көшбасшылар мен менеджерлерді тарту арқылы жұмыстың тиімділігін арттыру керек, – деді Чедвик.
Сөз соңында профессор Саймон Чедвик Қазақстанда спортқа деген көзқарас барған сайын күшейіп келе жатқанын айтты.
Мен Қазақстанның спортқа барған сайын байыппен қарай бастағанын білемін. Оның үстіне, жуырда UEFA ұйымымен әріптестік аясында сіздердің елдеріңізден келген бірнеше маманға дәріс оқыдым. Қазір біз спорт саласы толықтай жаһанданған кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Бұл ортада жаңа ықпал орталықтары өте жылдам қалыптасуда. XXI ғасыр спорты XX ғасырдағы спорттан мүлде өзгеше. Мұндай өзгерістер Қазақстан секілді елдерге дамуға, халықаралық деңгейде танымал болуға және жоғары деңгейдегі жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді, – деді ол.
Ең оқылған:
- Мал бағып жүрген ұлын іздеп шыққан: БҚО-да адасып кеткен әйел табылды
- Қытай АҚШ-ты Кубаға қысымды тоқтатуға шақырды
- Ең төменгі жалақы 150 мың теңге болса, кімнің жалақысы өсетіні айтылды
- Алматы облысында жүрген «зебралар» есек болып шықты
- Трамп Ормуз бұғазында кеме қатынасына төлем енгізуге қарсылық білдірді
Мақпал ОРЫНБЕК