ҚФФ басшысы лауазымына үміткер Берік Қаниев сайлауалды бағдарламасын таныстырды

16 Ақпан 2022, 22:40
1395
Бөлісу:
ҚФФ басшысы лауазымына үміткер Берік Қаниев сайлауалды бағдарламасын таныстырды

Алматы, BAQ.KZ. 28 ақпанда Қазақстан футбол федерациясының жаңа президентін сайлау өтеді, оны дауыс беру арқылы федерацияның 26 мүшесі сайлайды. Қазақстан футбол федерациясының басшысы лауазымына негізгі үміткер, «Жас Қыран» клубының иесі, ҚФФ атқарушы комитетінің мүшесі Берік Қаниев БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында сөз сөйлеп, сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.  

ҚФФ президенті лауазымына бес үміткердің алғашқысы болып Берік Қаниев өзінің сайлауалды бағдарламасын ұсынды. Бағдарламаның негізгі миссиясы - «Футбол Казақстан Халқына».

Қаниевтің бағдарламасында 11 негізгі тармақ бар:
1. Бұқаралық футболды дамытуға жаңа серпін беру
2. Балалар мен жасөспірімдер футболын басым дамыту
3. Инфрақұрылымды дамытудағы сапалы серпіліс
4. Кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру
5. Құрама командалар институтын жүйелі дамыту
6. Өңірлік федерациялармен өзара іс-қимыл процесін түбегейлі өзгерту
7. Кәсіби футболды қайта жүктеу
8. Футбол индустриясын цифрландыру
9. Мемлекеттік қолдау шаралары
10. Транспаренттілік қағидаты және футболдағы сыбайлас жемқорлықты жою
11. Маркетинг стратегиясын әзірлеу және УЕФА және ФИФА-мен ынтымақтастықты кеңейту.

Мен Қазақстанда футболды жаппай насихаттау мен дамытуға бағытталған сайлауалды бағдарламамды ұсынамын. Мен еліміздегі футболды жаңа деңгейге көтеру үшін ауқымды жұмыс жүргізуді жоспарлап отырмын. Біздің футболымыз жүйелі түрде жаңғыртуды қажет етеді, балалар-жасөспірімдер футболын, инфрақұрылымын дамытуға, УЕФА және ФИФА-мен ынтымақтастықты кеңейтуге жаңа серпін беру қажет. Қазақстандықтар өз футболшыларын мақтан тұтуы үшін футболымызды бірлесіп дамыта алатынымызға сенімдімін, - деді ҚФФ президенті лауазымына үміткер Берік Қаниев.

ҚФФ басшысы лауазымына бас үміткер Қаниев  кәсіби футболды қайта жүктеу жұмыстарын жүргізуге ниетті. Жұмыс шараларында легионерлерді жалдау лимитін қатаңдату және оны кезең-кезеңімен төмендету, мемлекеттік қаржыландырудан жеке қаржыландыруға кезең-кезеңімен көшу, шарттық ойындарды жою, толық ашықтық және қаржылық есептілікті жариялау көрсетілген.

Еске салайық, Қазақстан футбол федерациясының жаңа президенті 28 ақпанда сайланады. КФФ конференциясына халықаралық футбол қауымдастығынан бақылаушы ретінде қатысатын ФИФА мен УЕФА өкілдері шақырылады.
 

Өзгелердің жаңалығы