«Қазжеңілөнеркәсіп – Алматы» ұжымына сайлауалды бағдарлама түсіндірілді

2 Қараша 2022, 18:03
982
Бөлісу:
«Қазжеңілөнеркәсіп – Алматы» ұжымына сайлауалды бағдарлама түсіндірілді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев ҚР президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қалалық қоғамдық штабының үгіт-насихат жұмысы аясында «Қазжеңілөнеркәсіп – Алматы» ұжымымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сенім білдірген өкілдер жүздесуде кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты мақсаты барлық азаматтар заң алдында тең болатын, әділ қоғамнан тұратын жаңа Қазақстанды қалыптастыру екенін түсіндірді. Әділетті мемлекетте қоғамдық игіліктер, оның ішінде мемлекет кірістері, ең алдымен халықтың аз қамтылған, кедей топтарын қолдауға бағытталатыны жайлы айтылды. Сонымен қатар қазіргі таңда мемлекет тарапынан қабылданып жатқан әлеуметтік шаралар атап өтілді.

Қалалық штаб жетекшісі Жансейіт Түймебаев кандидаттың бизнесті дамыту және кәсіподақтарды қолдау жөніндегі сайлауалды бастамаларына тоқталды. Кәсіпорын қызметкерлерімен Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламасында көрсетілген өндірістегі еңбек құқықтарын қорғау және өнеркәсіп кәсіпорындарын жаңғырту мәселелері жайлы пікір алмасты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы – азаматтардың, қарапайым еңбек адамдарының өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған шынайы және нақты іс-шаралар жоспары. Оны жүзеге асыру үшін ел Президентіне халықтың жаңа әділетті Қазақстан құруға деген сенімі мен әрқайсымыздың белсенді азаматтық ұстанымымыз қажет, – деді Жансейіт Түймебаев.

Қарапайым адамдардың әлеуметтік мәселелерін шешу, оларды қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, әділ сот, демократияны одан әрі дамыту — мұның бәрі президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасына негіз болып қаланды. Насихатшылар сайлауалды бағдарламаның басты бағыттарын талдай келе, аталған мәселелерді шешу үшін сайлауда дұрыс таңдау жасауға шақырды.

«Қазжеңілөнеркәсіп – Алматы» ЖШС еліміздің жеңіл өнеркәсіп нарығында он жылға жуық еңбектенуде. Кәсіпорын тігін мен аяқкиім саласында бәсекеге қабілетті отандық өнім ұсынып келеді.

Өзгелердің жаңалығы