Мәжілісте комитет отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заң жобасын депутаттарға Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов таныстырды.
Вице-министр баяндамасын қазақ тілінде бастап, кейін орыс тілінде жалғастыра бастады.
Орыс тіліне көшкен кезде Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықовқа былай деп ескерту жасады.
Кешіріңіз, сіз басқа залға ауысып кеткен жоқсыз ба? Басқа тілге ауысып кеттіңіз ғой... Мемлекеттік тілде айтыңыз, - деді депутат.
Алайда министрлік өкілі баяндамасын орысша таныстыруды жалғастыра берді.
2021 жылғы 30 желтоқсанда кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты ендіру мәселесі бойынша заң қабылданды. Заң аясында мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесі реформаланды. Көрсетілген реформа шеңберінде бизнесті жазалаудан, құқық бұзушылықтың алдын алуға көшу көзделген, - деп айтты Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов.
Оның мәліметінше, жаңа реттеуші саясатты енгізу мәселелері бойынша қабылданған заңды іске асыру мақсатында 326 түзетуді көздейтін және түзетулердің екі блогынан тұратын заң жобасы әзірленді. Заң жобасының бірінші блогы бақылау мен қадағалау нысандарын ретке келтіруге, қадағалау салаларындағы жедел ден қою шараларын заңнамалық деңгейде ғана регламенттеуге бағытталған түзетулерді қамтиды.
Заң жобасының екінші блогында кәсіпкерлік қызметті жетілдіруге бағытталған түзетулер бар.
Олар мыналар:
- табиғи монополиялар субъектілерінің тариф белгілеу тәсілдерінің ашықтығын қамтамасыз ету;
- балық шаруашылығы саласында қолайлы жағдайлар жасау;
- дағдарыс жағдайында төлем балансын қорғау шараларын нақтылау.
Еске салсақ, 5 сәуірде Мәжілісте қазақша сұраққа орыс тілінде жауап берген жаңа министр депутаттың сынына ұшыраған болатын.