QazVac-тың күші қанша уақытқа жетеді?

14 Сәуір 2021, 13:08
1495
Бөлісу:
QazVac-тың күші қанша уақытқа жетеді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «QazVac қазақстандық вакцинасын клиникалық зерттеуден өткізу барысы туралы» өткен онлайн баспасөз конференциясы кезінде БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья вакцинаны клиникалық зерттеудің үшінші фазасы туралы айтты.

«Спутник V» вакцинасы екі жыл бойы иммундық жүйені сақтап тұруы үшін оны екі жыл бойы тексеру керек. Бүгінде бұл зерттеулердің жүріп жатқанына бір жыл ғана. Сондықтан мұны нақты айту қиынға соғады. Біздің отандық вакцина туралы толық ақпаратты үшінші фаза аяқталғаннан кейін ғана айтуға болады. Дегенмен, ең әуелі ғалымдар өздеріне алғаш болып екпе салдырғалы бері 9 ай өтті. Осы мерзім ішінде иммундық жауап өте жоғары болып тұр, - деді ол.

Айта кету керек, қазақстандық QazVac (QazCovid-in) вакцинасы клиникалық зерттеулердің соңғы үшінші кезеңінен өтіп жатыр. Оған 3 мың ерікті қатысуда. Олар вакцинаны 21 күндік аралықпен екі рет алды. Еріктілердің қанында қажетті қорғаныс антиденелері пайда болды, вакцина алғандардың жағдайы қанағаттанарлық.

Мамандардың айтуынша, алынған мәліметтер коронавирустық инфекцияға қарсы белсенділігі жойылған QazVac вакцинасымен егілгендердің жасушалық иммундық реакциясы жақсы екендігін көрсетеді. Бұл – отандық вакцина вирустан сенімді қорғанысты қамтамасыз ете алатындығының айқын дәлелі.

Өзгелердің жаңалығы