Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «QazVac қазақстандық вакцинасын клиникалық зерттеуден өткізу барысы туралы» өткен онлайн баспасөз конференциясы кезінде БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья вакцинаны клиникалық зерттеудің үшінші фазасы туралы айтты.
Институттың негізгі мақсаты - вакцинаны әзірлеп шығару. Бүгінгі күні Қазақстанда вакцина жасайтын зауыт әлі жоқ. Ал Қарағанды фармацевтикалық кешеніне келер болсақ, біздің инактивтенген вакцинамыз таза вирустан пайда болады. Ол екінші потогендік топқа жатады. Екінші потогенді топқа жататын вирусқа қатысты жұмысты қала немесе үлкен мегаполисте жүргізуге болмайды, - деді ол.
«Спутник V» вакцинасының технологиясына тоқталған сарапшы оның ішіндегі негізгі зат SARS-CoV-2 вирусы емес екенін айтты.
Вирустың ішіндегі кішкене ғана ақуыз. Оны тасымалдайтын аденовирус. Ал мұның веруленттілігі 4-топқа жатады. Төртінші топқа жататын вирустармен қаланың ішінде жұмыс істеуге болмайды. Ал вакцинаның Түркияда қапталуына қатысты айтарым, бұл мәселе әлі нақты шешілген жоқ. Үкімет бізге қай жерде әзірлеу керек десе, сол жерге барып әзірлейміз. Үлкен көлемдегі вакцинаны құятын алаң біздің елде жоқ, - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Күнсұлу Закарья отандық вакцинаны клиникалық зерттеудің үшінші фазасы туралы айтып берген болатын.