Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 1-курс студенттері Мадиева Салтанат пен Болат Жанерке атап өткендей, бұл пәннің барлық ЖОО-да ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға, оған қажет ақпараттарды арнайы дайындау жолында маңызы зор, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Олардың сөзінше, кез келген жоғары оқу орнында оқытылатын пәндердің өзіне тән зерттеу әдісі мен тәсілдері бар. Мысалы, математика және физика салалары бойынша жазылатын ғылыми жұмыстарда, мақалаларда күрделі терминдер мен арнайы формулалар жазылады. Химия және биология пәндеріне сәйкес әртүрлі тәжірибелер мен зерттеу нәтижелері талданып, ғылыми жұмыстарда қолданылады. Алайда бұл ғылыми жұмыстардың ортақ мақсаты – жалпы халыққа түсінікті, қарапайым тілмен берілуі. Бүгінгі бәсекеге толы академиялық қабілетті талап ететін қоғамда академиялық жазу дағдыларын меңгеру аса маңызды іс. Академиялық жазуды меңгеру білім алушылардың сыни ойлауы мен аналитикалық дағдыларын дамытады. Сонымен қатар өз ойларын тиянақты жеткізіп, зерттеушілік мүмкіндіктерін арттырады. Әдебиеттерге мұқият шолуды, ғылыми дереккөздерді жүйелі іздеуді және талдауды үйретеді. Осы тұста «Академиялық жазылым» пәнінің маңызы зор екенін ашып айтайық. «Академиялық жазылым дағдысын білу – бұл академиялық ортада табысты болудың негізі», - дейді орыс ғалымы И.Б. Короткина.
Академиялық жазылым – бұл әлемдік білім беру салаларында және ғылыми ортада кең таралған ақпараттық үдерістерді, академиялық қарым-қатынастарды, халықаралық тәжірибе алмасуларды жаңаша дамытуға бағытталған құзыреттердің дәстүрлі түрі. Бұл пәннің барлық жоғары оқу орындарында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға, сонымен қатар, кәсіби қызметпен шұғылдануға, оған қажет ақпараттарды арнайы дайындау жолында маңызы зор.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 1-курс студенттері Мадиева Салтанат пен Болат Жанеркенің айтуынша, оқушылар және жалпы білім алушылар арасында бұл пәнге байланысты түрлі пікірлер қалыптасқан. Олардың белгілі бір пайызы бұл пәннің қажеттілігіне күмәнмен қарайды. «Бұл пәннің менің мамандығыма қатысы жоқ», «Мен бұл пәнді оқуға міндетті емеспін», «Академиялық жазылымның менің болашақ кәсібіме қатысы жоқ» т.с.с пікірлер қоғамда орын алғанын теріске шығара алмаймыз. Мамандықтың әр саласына байланысты бұл пәннің маңызы әртүрлі деңгейде болатыны шындық. Алайда бұл тұста ана тіліміз – қазақ тілінің деңгейі туралы терең ойлануымыз керек. Қандай мамандық болса да, мақала қазақ тілінде жазылатындықтан, бұл жерде мемлекеттік тіліміздің мәртебесі туралы сөз болмақ.
Сондықтан қазақ тілінің қолданылу аясы, мағыналық жағынан болсын, грамматикалық құрылысы жағынан болсын тілдік нормалар мен ережелерге сай жазылуы бізді алаңдатуы қажет деп ойлаймыз. Біз бұл пәннің маңызын бірінші сабақтан-ақ түсіндік. Мектепте қазақ тілі пәнін оқыту жүйесімен ұқсас емес екенін, оның академиялық жазылым бағытында маңызы рөл екенін аңғардық. Сонымен қатар, ауызекі сөйлеуде бірнеше қате жіберетінімізді, олардың нормаланған, бірізге түскен нұсқалары бар екенін білгенде бұл пән бізді қатты қызықтырды. Академиялық жазылым пәнін оқи отырып, ғылыми мәтіндердің құрылымдық ерекшеліктерін, мазмұнын түсініп, рәсімдеу үлгілерімен танысып, практикалық жұмыстар арқылы оқытушымен кері байланыс орнаттық. Плагиаттан сақтанып, дұрыс сілтеме беруді үйрендік. Қазіргі студент академиялық жазылым дағдыларын меңгерсе, ғылыми кеңістікке шығу мүмкіндігі артады, кәсіби және ғылыми ортада бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан ЖОО-да «Академиялық жазылым» пәні міндетті түрде оқытылу керек тұжырымға келеміз, - дейді студенттер.
Айта кетейік, студенттердің университет қабырғасындағы ғылыми жұмыстарына PhD, оқытушы Ж.А. Сәрсенбай, А.С. Жүзбаева жетекшілік етеді.