Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін «Қазпошта» АҚ-ның Алматы қаласындағы бөлімшесінде қазақ жазушысы Бейімбет Майлиннің 125 жылдық мерейтойына арналған пошта маркасының таныстырылымы өтті.
Салтанатты жиынға келген жазушының туыстары, Қазпоштаға өздерінің алғыстарын білдірді.
«Бейімбет Майлиннің 125 жылдық мерейтойына арналған марканы шығарып отырған Қазпоштаға алғысымызды білдіреміз. Еліміз өркендеп, өсе берсін, барлықтарыңызға рахмет», - деді Бейімбет Майлин атындағы Қордың директоры Салтанат Әбүйірқызы.
5 млн данамен шыққан пошта маркасының авторы Іңкәр Оңғарбай Қазпоштаның техникалық редакторы болып жұмыс істейді.
«Қазпошта» АҚ-ның басты міндеттерінің бірі еліміздің пошта маркаларын шығару болып табылады. Бүгін біз жазушы Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына арналған еске алу маркасын шығардық. Бұл поштаның марка топтамасынан өз орнын тауып, пошта тарихында сәулелі естелігімен қалады деген ойдамыз», - дейді Алматы поштампының директоры Әлия Сүгірбаева.
Классик жазушы Бейімбет Майлин қазақ әдебиеттің барлық жанрын жандандыруға үлес қосқан. Оның 250-ге жуық поэтикалық, 100-ден аса прозалық және драмалық шығармалары бар. Сонымен қатар, ол алғашқы қазақ фильмі «Амангелдінің» сценариін жазған. Әр жылдары ол «Еңбекші қазақ», «Ауыл тілі», «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» сынды басылымдарда еңбек еткен.