"ҚазМұнайГаз" бен "Лукойл" Каспийдегі жобаларды қаржыландыру жолдарын іздеп жатыр

"ҚазМұнайГаз" компаниясы ресейлік "Лукойл" серіктесімен бірге Каспий теңізіндегі Қаламқас-теңіз және Хазар кен орындарын игеру үшін қаржыландырудың тиімді жолдарын қарастыруда.

 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 15:08
Бүгiн 2026, 15:08
123
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Санкциялық шектеулерге қарамастан компаниялар Қаламқас-теңіз бен Хазар кен орындарын игеру үшін қаржыландырудың тиімді нұсқаларын қарастыруда.

"ҚазМұнайГаз" компаниясы ресейлік "Лукойл" серіктесімен бірге Каспий теңізіндегі Қаламқас-теңіз және Хазар кен орындарын игеру үшін қаржыландырудың тиімді жолдарын қарастыруда. Бұл туралы компания басшысы Асхат Хасенов журналистерге берген сұқбатында хабарлады.
Хасеновтің айтуынша, жобалық жұмыстар аяқталғанымен, "Лукойл" салынған санкциялар қаржыландыру процесін қиындатып отыр.

Біз қазіргі кезде барлық мүмкін нұсқаларды қарастырып жатырмыз. Банктермен келіссөздер жүргізіп, жобаны қаржыландырудың тиімді механизмдерін іздейміз. Қолайлы шешім табу үшін әртүрлі жолдарды қарастырудамыз, - деді ол.

Сондай-ақ, Хасенов "ҚазМұнайГаз" барлық санкциялық шектеулерді толық сақтайтынын және барлық іс-қимылды заң аясында жүзеге асыратынын атап өтті.

Қиындықтар бар, бірақ ресейлік серіктесімізбен бірге шешім іздеп жатырмыз, - деді компания басшысы.

Сонымен қатар, ол "Лукойлдың" Қазақстандағы активтерін сатып алу мәселесі "ҚазМұнайГаз" құзыретіне кірмейтінін, оны мемлекет шешуі тиіс екенін айтты.

Негізгі құқық мемлекетке тиесілі. Біз бұл шешімді қабылдамаймыз, оны мемлекет жүзеге асырады, - деп түсіндірді Хасенов.

Еске сала кетейік, бүгін елордада Geoscience & Exploration Central Asia 2026 халықаралық геологиялық форумы басталды.

Наверх