Мұндай пікірді Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тоқаев жедел даму жолына түскен Алатау қаласы жаңа инвестициялық кезеңнің негізгі жобасы болуға тиіс екенін атап өтті. Сөзінше, бұл – Smart City қағидатына сәйкес барлық салаға озық инновациялар енгізу, жасанды интеллекті мен цифрлық технологияны қолдану деген сөз.
Онда капитал тарту үшін теңдесі жоқ жағдай жасалып, жаңа, батыл шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін үздік реттеу режимін қалыптастыру қажет. Осы маңызды мәселе бойынша менің тапсырмаммен Конституциялық заң әзірленіп, Парламенттің қарауына ұсынылды, - деді ол.
Тоқаев Ұлттық банк пен Қаржылық мониторинг агенттігі бұған қарсылық танытқаны туралы мәлімет алғанын айтты.
Бұл Конституциялық заң қабылдауға мүмкіндік бермейді. Алайда менің төрағалығыммен өткен жиында мұндай пікір айтылмаған еді. Егер сіздерде қандайда бір қауіп не қарсылық болса, маған қағаз жүзінде ұсыныс беріңіздер. Тиісті тапсырма беремін. Бірақ, менің ойымша, бұл шындыққа жанаспайтын бос әңгіме секілді. Мен жауапкершілік алудан қашпаймын, ал сіздер конференцияларда ділмәрсіп, сөз сөйлеп жүре беріңіздер. Қазір қорқыныштан қалтырап отыратын емес, нақты жұмыс істейтін заман, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бұл еліміз үшін бірегей жоба екенін айтып, Үкімет оның басы артық бюрократиясыз, кідіріссіз әрі сапалы дамуын қамтамасыз етуі керек екенін тапсырды.