Қазір мектептен мықты мұғалімдердің өздері кеткісі келмейді – Асхат Аймағамбетов

28 Маусым 2024, 11:43
11924
Бөлісу:
Қазір мектептен мықты мұғалімдердің өздері кеткісі келмейді – Асхат Аймағамбетов
Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Мәжіліс кулуарында мұғалімдердің жалақысына қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сіз министр (Білім министрі – ред.) болған кезде мұғалімдердің айлығы өсті. Сол өсімнің жемісі болды деп ойлайсыз ба? – деп сұрады БАҚ өкілдері депутаттан.

Мәжілісмен Асхат Аймағамбетов атап өткендей, Мемлекет басшысының қолдауымен мұғалімдердің жалақысы көбейтілді.

Қазір ешкім жалақы өскен жоқ немесе аз өсті деп айта алмайды. Шын мәнінде бүгінде мұғалімдердің жалақысы жақсы деңгейде. Менің ойымша, жалақыны өсірудің әсері үлкен болды. Бұған дейін ҰБТ тапсырғанда ең төмен балл 50, ал ең жоғары балл 140 болатын. Сол кезде мұғалім мамандығына кім баратын еді? "Басқа мамандыққа бара алмаймын, олар қиын" дегендердің барлығы педагог мамандығына баратын. Мектепте нашар оқығандардың бәрі педагог мамандығына барса, онда ол ертең қандай маман болады?! – деді ол.

Аймағамбетов қазір педагог мамандығына баратындардың орташа ұпайы өскенін жеткізді.

2019 жылы осы заңды қабылдағанда маған ешкім сенбеген еді. Маған бәрі күлді. 2020 жылы орташа балл 90-ға жетті дегенде бәрі таңғалды. Одан кейін 2022 жылы 100 балға жетті. Биыл математика және басқа да мамандықтар бойынша грантқа 122 ұпаймен түсе алмай жатқандар бар. Қазір университетте оқып жатқан балалар туралы ұстаздардан сұрасаңыздар, олардың бөлек екенін көресіздер. Олардың көздері жанып тұр. Алдыңғы және былтырдан бастап "мұғалім боламын" деп талпынып барған балалар, университетті бітіріп шығып жатыр. Енді мектепке келіп жатқан мұғалімдердің сапасы өте жоғары болады, - деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов Мәжіліс кулуарында.

Ол білім саласында жасалған реформалар осылайша 4-5 жылдан кейін өз нәтижесін беріп жатқанын айтты.

Қазір мектептен мықты мұғалімдердің өздері кеткісі келмейді. Тіпті басқа салаға кетіп қалған мұғалімдердің өздері мектепке келгісі келіп жатыр, - деді Асхат Аймағамбетов.

Өзгелердің жаңалығы