Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу облысы жұртшылығымен кездесуі баырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жетісу халқының 90 пайызы сумен қамтамасыз етілген. Алайда, су құбыры желілерінің едәуір бөлігі (яғни, 37,5%) әбден тозған. 1,2 мың шақырым құбыр желісі күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондықтан, өңірдегі құбыр желілерін кезең-кезеңімен жаңарту – әкімдіктің басты міндетінің бірі. Құрылыс жұмыстарын қатаң бақылауда ұстау керек, – деді Президент.
Сондай-ақ ол қала тұрғындарының таза ауыз сусыз отырғанын айтты.
Тағы бір маңызды мәселе. Бұл – ауыз судың сапалы болуын қамтамасыз ету. Мысалы, Текеліде жылдар бойы жалғасып келе жатқан түйткілді бәріңіз жақсы білесіздер. Қала тұрғындары таза ауыз сусыз отыр. Бұл мәселені ұзаққа созбай шешу керек. Облыс және қала әкімдері аталған тапсырманың орындалуына тікелей жауапты. Үкімет республика бюджетінен алдағы жылы қаржы бөлу мәселесін қарастыруға тиіс. Келесі маңызды бағыт – өңірді газбен қамтамасыз ету. Бұл шара халықтың жайлы өмір сүруіне, тұрмыс сапасын жақсартуға әсер етеді. Сондай-ақ, экологиялық мәселелерді шешуге септігін тигізеді, – деді Тоқаев.
Айтуынша, қазір көгілдір отын облыс тұрғындарының 10 пайызына ғана қолжетімді.
Қазір көгілдір отын облыс тұрғындарының 10 пайызына ғана қолжетімді. «Алматы – Талдықорған» магистральді газ құбыры салынып, облыс орталығына газ толық берілді. 2025 жылға қарай Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласының маңына дейін барлық елді мекенді газбен толық қамтамасыз етуді тапсырамын. Сонымен қатар, «Талдықорған – Үшарал» бағытында газ құбырын тарту керек. Бұл 180 мың адам тұратын Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына газ жеткізуге мүмкіндік береді. Үкіметке осы жобаны қаржыландыруды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.