Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының «Апат және төтенше жағдайлар менеджменті, гуманитарлық көмек» атты кезектен тыс саммитінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Төтенше жағдайдың алдын алу үшін ақпарат бөлісіп, құтқарушылардың тәжірибе алмасуы өте маңызды. Биыл күзде Қазақстанда «Қазқұтқару» халықаралық оқу-жаттығу жиындары өтеді. Ұйымға мүше елдердің құтқару қызметтерін аталған іс-шараға қатысуға шақырамын. Сол кезде осы салаға жауапты мекеме басшыларының алғашқы басқосуын өткізуге болады, - деді Президент.
Мемлекет басшысы әлемдегі экономикалық ахуал да мәз емес екенін айтты.
Қазір геосаяси жағдай күрделі екенін білесіздер. Әлемдегі экономикалық ахуал да мәз емес. Осындай қиын кезеңде Түркі әлемі өзара ынтымақтастығын нығайта түсті. Бұл – өте дұрыс қадам. Біздің ұйым сол арқылы халықаралық деңгейде өзіндік орны бар екенін көрсетті. Елдеріміз саяси, экономикалық және мәдени ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруі қажет. Бұл – Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттың бірі, - деді Тоқаев.
Ол Түркістанда Ұйымның оныншы мерейтойлық саммиті өтетінін атап өтті.
Биыл қазан айында киелі Түркістанда Ұйымның оныншы мерейтойлық саммиті өтеді. Сіздерді осы алқалы жиынға қатысуға шақырамын. Бұдан бөлек, күзде ұйымға төрағалық ету міндеті Қазақстанға жүктеледі. Сол кезде бірқатар маңызды іс-шара ұйымдастырылатын болады - деді Мемлекет басшысы.