Қазір бүкіл әлемде инвестиция үшін үлкен күрес, бәсеке жүріп жатыр – Әшімбаев

10 Қазан 2024, 17:51
259
Бөлісу:
Қазір бүкіл әлемде инвестиция үшін үлкен күрес, бәсеке жүріп жатыр – Әшімбаев
Фото: pixabay.com

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Палата отырысында мемлекеттік органдарды экономикаға қатысты жаңа жобаларды іске асыруда белсенділік танытуға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сенат спикері қазіргі таңда экономикамызды әртараптандыру және экономикалық өсімнің жоғары деңгейін қамтамасыз ету еліміздің алдында тұрған маңызды міндеттер екенін атап өтті. Оның айтуынша, аталған мақсатқа жетудің бірден бір жолы – инвестиция тарту.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев экономиканы әртараптандыру және экономикалық өсімнің жоғары деңгейін қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Қазіргі таңда осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылуда. Банктермен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл бағытта инвестиция тарту – маңызды шарт. Жалпы, қазір Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемде инвестиция үшін үлкен күрес, бәсеке жүріп жатыр. Яғни қолайлы жағдай жасап жатқан басқа да мемлекеттер бар. Сол себепті, біз өзіміздегі инвестициялық ахуалдың өзге мемлекеттерге қарағанда тартымды болуын немесе одан кем болмауын қамтамасыз етуіміз керек, – деді Мәулен Әшімбаев.

Палата спикері Қатар мемлекетінен инвестиция тарту мәселесіне назар аударып, жақын арада ұлттық экономикаға айтарлықтай қаражат құйылатынын, бұл еліміздің дамуына тың серпін беретінін тілге тиек етті.

Бүгін қаралған Келісім аясында осы бағыттар бойынша инвесторға мүмкіндіктер беріледі. Осы ретте аталған жұмыстың бәрі ұлттық заңнама аясында жүргізілетінін айрықша атап өтуіміз керек. Үкімет бәрін бақылап отырады. Алдағы уақытта Келісім және келетін инвестициялар еліміздің дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға және экономикамызды жаңа белеске шығаруға қызмет етеді деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, бүгін Сенат отырысында Палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар мемлекетінің Үкіметі арасындағы басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.

Өзгелердің жаңалығы