Технология дамыған сайын жасанды интеллект (ЖИ) медиасфераның ажырамас бөлігіне айналып келеді. Мұндай жағдайда журналистің міндеті — онымен бәсекелесу емес, оның мүмкіндіктерін кәсіби қызметте тиімді пайдалану. Бұл туралы "Qazcontent" АҚ басқарма төрайымы Айна Задабек III Шуша жаһандық медиафорумында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Report тілшісіне сілтеме жасап.
«Жасанды интеллектпен жарысу мүмкін емес. Басты мақсатымыз — онымен жұмыс істеуді үйрену, оның әлеуетін пайдалану және сонымен қатар дәстүрлі журналистиканың құндылығын күшейту. Біз адами көзқарас, сараптамалық қабілет, креатив пен сын тұрғысынан ойлау сияқты қасиеттерді алға шығаратын "супержурналистиканы" дамытуға ұмтылуымыз қажет», – деді Айна Задабек.
Оның айтуынша, жасанды интеллект дамыған сайын аудармашылар, әлеуметтік медиа мамандары, контент-менеджерлер сияқты медиа саласындағы кейбір мамандықтар біртіндеп өзгеріске ұшырауы немесе мүлде жойылуы мүмкін.
Алайда ЖИ алмастыра алмайтын негізгі дағдылар сұраныста қала береді — олар: креативтілік, бірегейлік, шынайы мен жасандыны ажырату қабілеті.
«Жасанды интеллект адамның ойлау тереңдігі мен шығармашылық тәсілімен теңесе алмайды. Бұл — біздің басты артықшылығымыз», – деп түйіндеді Айна Задабек.