"Қазбат": Күйеуім 17 сарбаздың өліміне қатты қайғырды

22 Қараша 2019, 17:58
10051
Бөлісу:
"Қазбат": Күйеуім 17 сарбаздың өліміне қатты қайғырды
EX PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 1995 жылы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасында болған ұрыстан 17 қазақстандық жауынгер қаза тапты. Кеше ғана осы ерлік оқиғасын суреттейтін "Қазбат" фильмі жарыққа шықты. Кинотуындының елордада өткен жабық көрсетіліміне ұрысты бастан кешкен әскерилер мен олардың жақындары келді. Олардың арасында басты рөлдегі сержант Ахметовтің жұбайы Айгүл Ахметова да болды.

WhatsApp Image 2019-11-22 at 16.03.06.jpeg

1995 жылы 7 сәуірде болған ұрыста жолдасым ерлік танытып, батырлық көрсетті. Командир жараланған кезде бүкіл ұрыстың ұйымдастырылуын өзінің қолына алып, көп жаралыларды құтқарып қалды, - деп еске алды батырдың жұбайы.

Марат Ахметов 24 жасында тәжік-ауған шекарасына кетер алдында Айгүл екеуі қыз бен жігіт болып жарасып жүреді.

Сержант Марат Ахмет екеуміз қыз бен жігіт болып ұрысқа кетер алдында кездесіп жүргенбіз. Тәжікстанға келісімшарт бойынша кеткен кезде менің суретімді алып кетті. Бір күні суық хабар алдым. Теледидардан "7 сәуір күні болған ұрыстан бірнеше сарбаз қайтыс болды" деген жаңалықты көрдім. Әрине, жыладым. Сүйіктімнен айырылып қалдым ба деп қорықтым. Бірақ ертеңіне әскери бөлімге барып сұрағанымда "жоқ, сіздің жігітіңіз аман-есен, бірақ аздап жараланған" деді. Содан Маратты күттім, келді. Үлкен гүл шоғын құшақтап әуежайдан күтіп алдым. Мінезі өте қиын болып келді. Ұрыстағы жағдай қатты әсер еткен. 17 сарбаздан айырылып қалу деген оңай емес. Әрбір бала туралы, олардың әрбірінің жақсы мінезін айтып отыратын. Қатты күңіреніп жылайтын. Алғашқы кезде өте қиын болды. Бірақ екеуміз бірге қиыншылықтың бәрінен өттік, себебі күндіз-түні қасында болдым, - деді Айгүл Ахметова.

Қазақстанға оралған соң Марат пен Айгүл шаңырақ көтереді. 

Сонда маған көптеген адам "қорықпайсың ба?", "соғыс көріп келді ғой", "кішкене болса да бәрібір психикалық әсер алды ғой" деп айтты. Жоқ, мен қорықпадым. Себебі біз бір-бірімізді шын сүйдік. Қандай жағдай болмасын қасында боламын, барлық қиыншылықтан алып шығамын дедім. Бірге 17 жыл жақсы өмір сүрдік. Мараттың артында бір ұлы мен екі қызы қалды. Ұлым әкесінің жолын қуып шекарада әскери қызметші болып қызмет етеді, - деді ол.

Айгүл Ахметова қыздарымен бірге Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Шекара қызметінде әскери қызметші болып қызмет етеді. 

Әскери қызметшіге тұрмысқа шыққан соң 17 жыл бірге тұрдық. Осы уақытта 21 рет көшкен екенбіз. Баспанамен мәселелер болды, ондайлар болады. Бәрін жеңдік. Шекара аймағында орналасқан алыстағы заставаларда газ, жылу жоқ. Қыста суық. Сол кезде енем үнемі өзімен бірге қалуымды, әйтпесе балаларды ауыртып алатынымды айтып, Маратты сол жақта қызмет ете берсін дейтін. Сол кезде енеме олай жасай алмайтынымды, жұбайыммен қайда болсын, тіпті жердің шетіне болса да баратынымды, бірге болатынымды айттым. Осындай қағидамен өмір сүрдім. "Марат, мен сені әрқашан қолдаймын" дедім, - деп естелігімен бөлісті ол.

Ол мұндай фильм жастарға патриоттық тәрбие беруде, отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелейтінін айтты.

Фильм түсіріледі дегенді естігенде бір жағы қорқыныш сезімі, бір жағы қуаныш сезімі болды. Менің жолдасымды ұмытпай, қайтыс болған 17 сарбаздың рухына тағзым етіп жатқандарына, сол батырларымызды, отан қорғаушыларымызды, біздің ер-азаматтарымызды ұмытпай осындай фильм шығарып жатқанына өте қуаныштымын, - деп сөзін түйіндеді ол.  

WhatsApp Image 2019-11-22 at 16.03.42.jpeg
Ұрыс қалай болды...

1995 жылы 7 сәуір күні Пшихарв шатқалында Қазақстан Ішкі әскерінің жетінші құрама ротасы содырлардың тұтқиылдан жасаған шабуылынан от пен оқтың құрсауына түсіп қалады. Жаудың күші басым болған ұрыста 17 әскери қызметші оққа ұшып, 33-і жараланады. Ауған жағынан шабуыл жасаған содырлар бір сағаттың ішінде Тәжікстан аумағына өтіп кетуді жоспарлаған болатын. Алайда қазақстандық жауынгерлер жойқын тойтарыс беріп, бес сағаттық қарулы қақтығыстан кейін шабуылшылар кері шегінуге мәжбүр болды.  

Қаза болған 17 әскери қызметші: Еркін Байғабылов, Бауыржан Далабаев, Имомаддин Жұматов, Дастан Нұрметов, Тахир Раимжанов, Еркебұлан Мақажанов, Радик Каймулдиев, Ержан Әбдиев, Жақсылық Жансүгіров, Ербол Бекебаев, Қанат Едырышов, Ержан Байбағысов, Ербол Исабаев, Михаил Мартыненко, Анатолий Мешков, Әлихан Өгізбаев және Қалмахан Бақбаев. ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бес сарбазға ІІ дәрежелі "Айбын" ордені, 12 сарбазға "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалі қаза болған соң берілді. Сондай-ақ, батыр боздақтың бәріне Ресей тарапынан да "За отличие в службе" медалі қаза болған соң берілді.    

Тәжік халқына көрсеткен көмегі үшін қазақстандық жауынгерлерге құрметі ретінде Душанбеде монумент тұрғызылды. Еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында "Отан-Ана" монументі қасынан Ішкі әскердің 17 сарбазына арналған аллея ашылып, ескерткіш бағана орнатылған, сонымен қатар Шымкент, Петропавл және басқа қалаларда батырларға ескерткіш қойылған.   

Фильм туралы анықтама

"Қазбат" фильмі Қазақстан Республикасы әскери қызметшілерінің тәжік-ауған шекарасында бітімгерлік мақсатта қызмет атқару барысында 1995 жылы көктемде бастарынан өткерген шынайы оқиғаны баяндайды. 

Фильмнің идеясын Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов ұсынды. 

Бас продюсер – Данияр Ибрагимов;
Қоюшы режиссер – Асқар Ұзабаев; 
Қоюшы бас оператор – Максим Задарновский. 

Фильмді "АЮ СИНЕМА" кинокомпаниясы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұланның қолдауымен түсірген.

Фильмде танымал, талантты актерлер Дәурен Серғазин және Ринат Дошибеков, жас актерлер – Халық Рахат, Дияс Мырзахмет, Шарифбек Закиров және Индира Шынболатқызы ойнайды. 

Көркем фильм 21 қарашадан бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан көрсетіледі.

Өзгелердің жаңалығы