«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен «Қазақавтожол» ЖШС біріктіру бойынша жұмыс қалай жүргізіліп жатқаны белгілі болды, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда бірыңғай автожол операторын құру тапсырмасы бойынша «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ «Қазақавтожол» ЖШС-мен біріктірілген еді.
“ҚазАвтоЖол” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Серік Айдос бірігу процесі басталғанын айтты.
Бұл уақыт алады. Қысқартуға келетін болсақ, әзірге 10 пайыз қысқартамыз, бұл 30 адамды құрайды,- деді Серік Айдос.
Оның айтуынша, компанияда ребрендинг болмайды.
“ҚазАвтоЖол ҰК” АҚ-ның логотипі барлығы сақталады. Ұлттық компания мәртебесі өзгермейді,- деді ол.
Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстанда жолдарға қызмет көрсететін екі компания бар, бірақ екеуінің атқарып отырғаны бір жұмыс екенін айтып өткен еді.
Келесі мәселе – автожол саласына қатысты. Бұл салаға түбегейлі реформа жасайтын уақыт жетті. Қазір еліміздегі жолдың жай-күйін қадағалап, қызмет көрсететін екі негізгі оператор бар. Турасын айтсақ, екеуі де бір жұмысты атқарып отыр, жұмысшыларының саны да қажетті шамадан артық. Соған қарамастан, азаматтардан келіп жатқан орынды арыз-шағымдар азаяр емес, ал жолдың сапасы мүлде сын көтермейді. Үкіметке «ҚазАвтоЖол» және «Қазақавтожолды» біріктіріп, Қазақстанның біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырамын. Нәтижесінде қызметкерлердің саны да қысқарады,- деген еді Тоқаев.