Қазақтың жігіттеріне ойланатын уақыт келді – депутат

Бөлісу:
Қазақтың жігіттеріне ойланатын уақыт келді – депутат
VIDEO
Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин қазақтың жігіттерін сынап, қыздарды қорламай, керісінше қорғауға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тәрбие мәселесі өзекті. Ол күлетін зат емес. Бәріміз қыз асырап отырмыз. Қыз алып қашу етек алып кеткен жағдай. ХХІ ғасырда әке-шешісімен келіспей, қызбен сөз байласпай, көшеден көрінген адамды салып алу дұрыс емес. Ол тауар емес, зат емес, ол – адам. Мұндай жағдай оның тағдырына әсер етеді, - деді депутат.

Жаңбыршин жігіттерді түсінбейтінін айтты.

Мен жігіттерді түсінбеймін. "Қыз құлағымен, жігіт көзімен жақсы көреді" деген сөз бар. Қыздың көңілін таба алмайтын жігіт, ол қандай жігіт. Көшеге барып, қызды бүктеп-бүктеп салып алады. Біз дамыған, жетілген, мәдениетті қоғамда тұратын болсақ, мәдениетті болуымыз керек. Басқа ұлттың біреуі оны жасамайды. Оны (қыз алып қашу – ред.) істеп жүрген өзіміз. Еуропада, Ресей, тіпті қасымыздағы басқа көрші республикаларда қызды ұрлайтынын естідіңіздер ме? – деді ол.

Еділ Жаңбыршин 3 қызы бар екенін айтып, қыздарын құда түсіп алғанды қалайтынын жеткізді.

Ал бұл (қыз алып қашу – ред.) қоғамдағы үлкен дерт. Бұл мәселеге қылмыстық жауапкершілік қарастыру керек. Қарсы болып жүрген мемлекеттік органдарды түсінбеймін. Яғни олар оны (қыз ұрлауды) қолдап отыр. Қызды сыйлау, қызды құрметтеуді балабақшадан бастап баланың миына құю керек. Себебі қыз – ол болашақ ана. Егер біз болашақ ананы қорғамайтын болсақ, онда мемлекеттік болашағы жоқ деген сөз. Ол күлетін, ойыншыққа айналдыратын дүние емес. Бұл мемлекеттің қауіпсіздігі. Қызды қорғаған ел ғана ел болған. Қазақ қыздарды, аналарды қорғағаннан кейін ғана қазақ болып отыр. Оларды жетімсіретпей, жесір қылмай, мемлекет болып қалыптастық, - деп айтты депутат.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы да осы мәселені Ұлттық құрылтайда көтерген болатын.

Қазақтың жігіттеріне ойланатын уақыт келді. Қыздарды қорғаңдар, оларды қорламаңдар. Сонда біз дұрыс мемлекет боламыз. Отбасында, білім ордасында осы мәселе бірінші кезекте тұруы керек. Тәрбие мәселесіне көңіл бөлмесек, бұдан да сорақысы болып жатыр. Қазір телеграмды ашып қалсаң, тіпті оқығың келмейді. "Қызды зорлап кетіпті", "Қызды ұрлап кетіпті", "баланы зорлап кетіпті", "өлтіріп кетіпті", "ата-анасын балтамен шауып тастапты" – кілең осындай әңгіме. Әлеуметтік желіні ашу мүмкін емес, - деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы