Қазақтың ұлттық киімі Гиннестің рекордтар кітабына енді

22 Наурыз 2025, 12:20
6767
Бөлісу:
Қазақтың ұлттық киімі Гиннестің рекордтар кітабына енді
Фото: Маңғыстау телеарнасы

Маңғыстаулықтар Каспий теңізінің жағалауында ұлттық киімде жиналып, Гиннес рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақтаудағы арнайы алаңға бес мыңнан астам адам қазақтың ұлттық киімінде жиналып, “Ұлттық киімдегі ең үлкен жиналыс” номинациясы бойынша әлемдік рекорд орнатты.

Таңертең қалада бұлтты және жаңбырлы ауа райы болса да, бұл мыңдаған қазақстандықтың мерекелік шараға келуіне кедергі болмады. Рекордты ресми тіркеу үшін Ақтауға Гиннес рекордтар кітабының Лондондағы штаб-пәтерінен арнайы қазылар алқасы келді.

Қатысушылар таңғы 9-дан бастап жинала бастады. Сағат 11:00-де ұйымдастырушылар төрт мың адамды санады, ал 12:01-де қатысушылар саны бес мыңнан асты. Осыдан кейін комиссия өкілдері рекордтың ресми түрде орнатылғанын жариялап, арнайы сертификат табыстады.

Шара барысында жиналған халықтың көңіл-күйін көтеру үшін ұйымдастырушылар концерттік бағдарлама ұсынып, дәстүрлі әндер мен билермен мерекелік атмосфера сыйлады.

Өзгелердің жаңалығы