Қазақстанның визасыз саясаты қытайлық туристерді қызықтыра бастады. Бұл туралы BAQ.KZ онлайн Халық газетіне сілтеме жасап хабарлайды.
БАҚ-тың жазуынша, қытайлық турист өзіне бағыт жасап, Чэндудан Алматыға ұшып, кейін Алматыдан Грузияға қарай аттанған.
Қазақстанға визасыз баруға болатындықтан Алматы арқылы басқа елдерге ұшуға мүмкіндік бар. Ұшақ ауыстырмас бұрын уақытты тиімді пайдаланып, қаланың көрікті жерлерін де аралауға болады. Тіпті достарымның арасында Алматыға саяхаттайтындар не болмаса Алматы арқылы Түркияға немесе Тәжікстанның астанасы Душанбеге жол тартатындар көп, - дейді турист Ся Цзиньцзинь.
Алматыда болған 10 сағат ішінде Ся Цзиньцзинь қаланың көрікті жерлерін аралап үлгерген.
Еліміздің көші-қон қызметі комиссиясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2022 жылғы 8 шілдеден бастап Қазақстан Қытай, Үндістан сияқты елдердің азаматтары үшін ең ұзақ мерзімі 14 күн болатын біржақты визасыз жүйені енгізген болатын.
Гуанчжоулық саяхатшы-блогер Сяоянге Шыңжаңда шаңғы теуіп жүргенде Қытайдың көктемгі фестивалін Қазақстанда өткізу туралы ой келеді. Сөйтіп ол мерекені Қазақстанда өткізеді.
Басында шетелге шығу ойымда болмады. Себебі Шыңжаңның солтүстігінде шаңғы тебуді жоспарладым. Қазақстанға визасыз баруға болатынын білгеннен кейін, сондай-ақ Шыңжаңнан Қазақстанға жол жүру ыңғайлы болғандықтан осы сапарды жоспарладым. Оның үстіне карантин талаптары да жеңілдеді, - деді Сяоян.
Сяоян Қорғас құрлық шекарасы арқылы өтіп, Алматыға барған. Ол Алматыдағы тау шаңғысы курортында уақытын өткізген.
Сяоянның айтуынша, Қазақстанның бұрынғы астанасы Алматының тарихи тамыры тереңде жатыр. Сонымен қатар Алматыда тауардың бағасы салыстырмалы түрде төмен.
Сарапшылар Орталық Азиядағы туризмнің даму әлеуеті жоғары екенін айтады. 2022 жылдың соңына қарай Қазақстан визасыз елдердің тізімін 80-ге арттырды. Биыл қаңтарда Сиань Алматы қаласына халықаралық тікелей әуе рейсін ашты.
Сондай-ақ Чэнду Алматы мен Астана (Қазақстанның астанасы) қалаларына тікелей рейстер ашты.
Қазақстанның Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2022 жылғы қаңтардан қыркүйекке дейін Қазақстанға келген шетелдік туристер саны 3,4 млн-нан асып, өткен жылмен салыстырғанда 3,6 есеге өсті.