Су ресурстары және ирригация министрлігінің "Қазсушар" мекемесі Қарағанды облысындағы Самарқанд су қоймасында, Ақтөбе облысындағы Қарғалы су қоймасында және Абай облысындағы Қаракөл су қоймасында шағын су электр станцияларын (СЭС) салу бойынша жобалау-сметалық құжат әзірлеп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазіргі уақытта үш жоба да мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Сондай-ақ тағы бес нысан бойынша жобалау-сметалық құжат әзірлеу жоспарланып отыр. Оның ішінде үш жоба жеке инвесторларды тарту арқылы жүзеге асырылады.
Бұл жұмыстар былтыр қыркүйек айында қабылданған "Қазсушар" РМК-ның гидротехникалық құрылысжайларында шағын СЭС дамыту жөніндегі Жол картасы аясында жүргізілуде. Қазіргі таңда шағын СЭС орнатуға жарамды 29 нысан іріктеліп алынған.
Жол картасын іске асыру нәтижесінде "Қазсушар" РМК-ның гидротехникалық нысандарында жыл сайын өндірілетін электр энергиясының жалпы көлемі 30 МВт-қа жетеді. Қазіргі уақытта кәсіпорын теңгерімінде үш шағын СЭС бар. Олар Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев гидроторабында, Қарағанды облысындағы Ынтымақ су қоймасында және Қорғас өзеніндегі "Достық" гидроторабында орналасқан, – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.