Қазақстан Президентінің Италияға ресми сапары аясында Италия Республикасы Министрлер Кеңесінің төрағасымен бірлесіп, еліміздің Венециядағы 60-ыншы Халықаралық заманауи өнер биенналесіне қатысуы туралы бірлескен мәлімдеме жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрілігі әлемнің беделді көрмелерінің бірінде елдің Ұлттық павильонын ұйымдастыру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады. Павильонның комиссары ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева болды.
Ендігі жерде әлемнің түкпір-түкпірінен келушілер көрмеде «Jeruiyq» көкжиектен тыс көзқарас» жобасының экспозициясымен танысуға мүмкіндік алды. Бұл экспозиция «Jerūiyq» мифтік жер туралы ежелгі аңыздың заманауи интерпретициясы.
Көрмеде қазақстандық өнер тарихындағы алғашқы футуристік туындылардың бірі Камил Муллашевтің «Жер және уақыт. Қазақстан», сондай-ақ Ерболат Төлепбайдың заман рухын көрсететін «Жаңа бала.Қайта туылу» монументалды кенебі.
Сондай-ақ, Сәкен Нарыновтың «Бір жанның алты өмірі» және «Бастаудың соңы немесе соңының басы» эксперименттік жобалары мен Сергей Масловтың «Байқоңыр-2» инсталляциясы ұсынылады.
Биенналеге құрамында Елена Позднякова мен Эльдар Таги кіретін «The2vvo» суретшілер тобы «Қатысу» саунд-инсталляциясымен қатысады, ал суретші Анвар Мүсірепов «Аластау» эксперименталды мистикалық бейне эссесін ұсынады.
Қазақстандық суретшілердің өнер көрмесіне қатысуы «Viled FASHION» ЖШС, «Qazaq oil» ЖШС және «Universal Energy Kazakhstan» ЖШС бас демеушілерінің қолдауымен ұйымдастырылады.
Мерейтойлық өнер биенналесі 2024 жылдың 20 сәуірі мен 24 қарашасы аралығында жеті ай бойы Венециядағы «Navale» тарихи ғимаратында өтеді.
Халықаралық өнер көрмесі тұңғыш рет 1895 жылы Венецияда өтіп, өнер әлеміндегі орталық оқиғалардың біріне айналды.
Көрмеге әдетте әлемнің түкпір-түкпірінен өнерді бағалаушы көрермендер мен мамандар келеді. 2022 жылы оған 800 мыңнан астам адам келді.