Көлік министрлігінде теміржол саласын цифрландыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Теміржол саласын дамыту бағдарламасын әзірлеу аясында Көлік министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жанындағы қоғамдық кеңес өкілдерінің қатысуымен тыңдау өтті
Жиын барысында «Цифрландыру» бөлімі қаралып, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының өкілдері теміржол саласында енгізіліп жатқан жүйелерді көрсетті.
Атап айтқанда, Trip Optimizer сияқты бағдарламалар тасымалдау процесінің тиімділігін жақсартады және отын ресурстарын үнемдеуді қамтамасыз етеді. Ал «ҚТЖ Cargo» бағдарламасы клиенттерге көрсетілетін қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сондай-ақ ақпаратқа бірыңғай қол жеткізуді қамтамасыз ету және жүйенің жұмысын оңтайландыру үшін желілік инфрақұрылымды жаңғырту және орталықтандырылған деректер қоймасын құру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Жасанды интеллекті енгізу алдағы жылдары аталған саланы дамытудың негізгі факторына айналмақ.
Жасанды интеллект өнімдер мен қызметтерді әзірлеуден бастап бизнес-процестерді оңтайландыруға және тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға дейінгі барлық қызмет салаларында маңызды рөл атқарады деп есептейді мамандар.
Жиынның қорытындысы бойынша қоғамдық кеңес мүшелері теміржол көлігінде цифрландыруды одан әрі дамыту бойынша бірқатар ұсыныс білдірді.