Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде өткен салтанатты іс-шарада ведомство басшысы Ермек Көшербаев 2025 жылғы қызметтің негізгі қорытындыларын таныстырып, 2026 жылға арналған басым міндеттерді айқындады, деп хабарлайды BAQ.KZ СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, 2025 жыл Қазақстанның стратегиялық серіктестіктерін нығайту, экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, халықаралық қауіпсіздікті арттыру және ұлттық мүдделерді ілгерілету тұрғысынан нәтижелі кезең болды. Сыртқы саяси ведомствоның жұмысы егемендік пен қауіпсіздікті күшейтуге, шетелдегі Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сондай-ақ көпжақты форматтар аясында сындарлы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталды.
Ермек Көшербаев 2026 жылға арналған негізгі басымдықтарға да тоқталып өтті. Олардың қатарында экономикалық дипломатияны дамыту, халықаралық әріптестікті кеңейту, ведомствоаралық үйлестіруді күшейту және Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларын халықаралық деңгейде ілгерілету бар.
Іс-шара соңында министр Сыртқы істер министрлігінің ұжымына алдағы жылы табысты жұмыс, амандық пен жаңа кәсіби жетістіктер тіледі.