Президент жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы Әлішер Тастенов Мәжілістің VIII шақырылымы, партиялық жүйенің кең өкілдігімен ерекшеленетінін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы аяқталды. Сенат құрамы 80 пайызға, ал Мәжіліс 70 пайызға өзгерді. Осылайша Қазақстанның саяси жүйесі жаңартылды. Парламенттің жаңа шақырылымы партиялық жүйенің кең өкілдігімен ерекшеленеді. Сайлауға қатысқан 7 партияның 6-ы Мәжіліске өтті. Бұл саяси көзқарастардың кең ауқымын қамтамасыз етеді. Демократиялық, консервативті, дәстүрлі, сондай-ақ оппозициялық партияның өклдері де өтті. Бұл өз кезегінде Парламент қабырғасындағы ең жақсы идеялардың пікірталастары мен бәсекелестігі үшін қолайлы өзгеріс жасайды», – дейді Әлішер Тастенов.
Оның сөзінше, алдағы бес жылда партиялар әлеуметтік топтар мен қауымдастықтардың, еліміздің әр аймағындағы тұрғындардың мәселелерін шешуі қажет.
«Оппозициялық партия күн тәртібіндегі мәселелерді алға тартады. Осылайша, қабылданатын шешімдер мен заң жобаларының сапасын айтарлықтай арттырады. Құқық қорғаушылар, журналистер, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, экономистер, заңгерлер, ауыл кәсіпкерлері және т.б. қоғамдық пікірдің нақты көшбасшыларының жаңа құрамы мен палитрасы күшейтіледі. Олар өздерінің әлеуметтік топтары мен қауымдастықтарының, сондай-ақ өз аймағының тұрғындарының мүдделерін шешеді деген үміттемін. Жалпы, азаматтар өз депутаттарына саяси сенім несиесін берді, олар өздерінің сайлау алдындағы барлық уәделерін орындауы, өз сайлаушыларының мүдделерін қорғауы және Парламент жұмысының тиімділігін арттыруы тиіс», – дейді Президент жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы Әлішер Тастенов.