Қазақстанның саяси өмірі биыл қалай өзгерді – сарапшы пікірі

11 Желтоқсан 2023, 20:09
821
Бөлісу:
Қазақстанның саяси өмірі биыл қалай өзгерді – сарапшы пікірі
Фото: Ерлан Ахмедидің жеке мұрағатынан

Биыл қандай саяси реформалар қабылданды, олардың маңызы неде, саяси мәдениет қалыптасу үшін не керек? Бұл туралы саяси сарапшы Ерлан Ахмеди айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биыл Қазақстанда үш үлкен саяси науқан өтті. Қаңтарда Сенат депутаттарын сайладық, наурызда Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті және күзде аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайладық, - деді сарапшы сөз басында.

Кейіннен ол сайлаулардың маңызына тоқталды.

2022 жылы өткен рефередум нәтижесінде қазір Парламент аралас сайлау жүйесі арқылы жасақталады. Сондықтан бұл сайлаудың тарихи маңызы – 6 партияның, сондай-ақ бір мандаттық округтерден сайланған депутаттардың сайлауға қатысып, мәжіліске өтуі. Яғни мәжіліс демократиялық алаңға айналып жатыр, - деді ол.

Ерлан Ахмеди әкімдер сайлауы жөнінде де айтып берді.

2019 жылдан бері реформалардың 4 пакеті қабылданған болатын, іске асырылып келе жатыр. Соның аясында ауыл әкімдерін сайладық. Биылдан бастап пилоттық форматта аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайладық. Яғни саяси реформалар тек республикалық деңгейде емес, сонымен қатар жергілікті жерлерде жүзеге асып жатыр, - деді сарапшы.

Оның айтуынша, қазір елімізде республикалық деңгейде саяси мәдениет қана емес, электоралды мәдениет те дамып келеді. Сондай-ақ «Қазір саяси центризм негізінде рационалды демократиямыз қалыптасып жатыр. Өзіміздің төл демократиялық жолымыз бар» деді маман.

Менің ойымша, реформалар осымен тоқтамайды. Жалғасын табады. Алдағы жылдарда президент институтын болсын, Парламент институтын болсын демократияландыратын әртүрлі бастамалар болады деп ойлаймын. Қазір біз жолдың басындамыз, - деді ол.

Ерлан Ахмеди аудан әкімдерінің сайлауы болашақта жалғасын табатынына сенім білдірді. Сонымен қатар, демократиялық реформалар жергілікті жердегі өзін-өзі басқару, халықтың жергілікті жердегі белсенділігінің арқасында ғана өз нәтижесін беретінін баса айтты.

Осы процесте тек қана биліктің тарапынан емес, қарапайым азаматтардың, әрбір азаматтың белсенділігі маңызды. Айталық, дауыс беруші немесе бақылаушы ретінде сайлауға қатысу, өзін-өзі саясаткер ретінде депутаттыққа ұсыну, партияға мүше болып, партиялар арқылы сайлауға қатысу, әкімдер сайлауына қатысу немесе әртүрлі қоғамдық іс-шараларға қатысып, заңды алаңдарда мәселелерді көтеру. Азаматтардың белсенділігінің арқасында ғана бізде саяси мәдениет қалыптасатын болады, - деді сарапшы.

Өзгелердің жаңалығы