Қазақстанның Қытайдағы мәдени орталығы қай жерде ашылады

5 Маусым 2024, 10:43
820
Бөлісу:
Қазақстанның Қытайдағы мәдени орталығы қай жерде ашылады
Фото: BAQ.KZ - архив

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға қазақ-қытай мәдени орталықтарының мәртебесіне қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қаралып отырған келісімде Бейжің қаласында Қазақстанның мәдени орталығын және керісінше Астана қаласында Қытайдың мәдени орталығын ашу көзделіп отыр. Бұл орталықтар мәдени-гуманитарлық салада ынтымақтастық орнату мақсатында құрылып отыр. Осы орталықтардың мәртебесі қандай болады? Біздің мәдени орталықтың құрылымы қандай болады және оның қаржылық көздері қарастырылған ба? – деп сұрады депутат Айдос Сарым.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның сөзінше, біздің мәдени орталығымыз коммерциялық емес ұйымдар формасында жасалады.

Қаржыландыру мәселесі бойынша қазір министрлікте заңдылық негіз жоқ. Осы ратификациялар жұмыстары, заң жобасы қолдау тапқан жағдайда оны бюджеттен қарастырамыз. Өзім Бейжің қаласына барып, біздің орталықтың орналасатын жерін көрдім. Ол Бейжіңдегі арбаттың аумағында орналасқан. 700 шаршы метр ғимаратты анықтадық. Оның жөндеу, құрылыс жұмыстарына демеушілер іздестіріп жатырмыз. Қаражатты күтіп отырмай, оны тездетіп жүзеге асыру үшін анықталған демеушілермен жұмысты тез арада бастап кетеміз, - деп айтты ведомство басшысы Мәжілісте.

Балаева құқықтық негіз болған жағдайда министрлік қаржыны бюджеттен қарастыратынын айтты.

Бұған дейін Мәжіліс «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы мәдени орталықтарды өзара құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдағанын жаздық.

Өзгелердің жаңалығы