Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанның мұнай-газ секторы жоғары технологиялық кластерге айналып келеді – Бектенов

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
3 Қазан 2025, 11:04
492
Бөлісу:
 Арман Мухатов
Фото: Арман Мухатов

Бұл туралы Астанада өтіп жатқан Kazakhstan Energy Week – 2025 және XVI Еуразиялық KAZENERGY форумы аясында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бектеновтің айтуынша, Президент Тоқаев атап өткендей, Қазақстан энергетикалық қауіпсіздікті нығайтып, энергиямен өзін-өзі толық қамтамасыз ете алатын елге айналуды көздеп отыр. Бұл бағытта еліміз халықаралық серіктестермен бірге көптеген ірі жобаны жүзеге асырып келеді.

Ең ірі корпорациялар мен салалық сарапшылардың басын қосқан KAZENERGY форумы 16 жылдан бері маңызды әрі тиімді диалог алаңына айналды. Биыл қауымдастықтың 20 жылдығына орай, форум алғаш рет Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Араб мемлекеттері лигасына мүше елдердің өкілдерін біріктіріп отыр, - деді Премьер-министр.

Оның айтуынша, жаһандық энергетика саласындағы түбегейлі өзгерістер мен жетекші державалар арасындағы өзара сенімге негізделген тұрақтылықты қамтамасыз ету процесінде орта державалардың рөлі артып келеді. Бұл тұрғыда Қазақстан ашықтық пен технологиялық жаңғыру қағидаттарын берік ұстанатынын жеткізді.

Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан барлық бастама еліміздің тікелей шетелдік инвестицияға тартымдылығын арттыруға бағытталғанын атап өтті. Қазақстан бизнесті тұрақты энергетикалық болашақты бірге дамытуға шақырады. Бұл үшін елімізде барлық қажетті жағдай жасалған, - деді Бектенов.

Оның айтуынша, Қазақстанда бай табиғи ресурстар мен стратегиялық минералдар қоры, Еуропа мен Азияны байланыстыратын көлік-логистикалық дәліздер, сондай-ақ білікті жұмыс күші бар.

Сонымен қатар Қазақстанның мұнай-газ секторы бүгінде экспорттық шикізат үлгісінен кешенді өңдеу жүйесіне бет бұрған жоғары технологиялық кластерге айналды.

Еске салсақ, бұған дейін Премьер-министр Kazakhstan Energy Week – 2025 форумында Қазақстанның энергетика саласындағы цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу барысы туралы айтып берді.

Өзгелердің жаңалығы