Еліміздің мәдени мұрасын қорғау мен насихаттау бойынша басым бағыттар айқындалды. Бұл бойынша жұмыс тобының жоспарлары таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап .
Қазақстан – тарихы мен мәдениеті бай мемлекет. Сондықтан мәдени мұраны қорғау – басты міндеттердің бірі. ЮНЕСКО конвенцияларына қатысу арқылы еліміз өз мәдени нысандарын ЮНЕСКО тізімдеріне енгізіп, әлемдік қауымдастыққа танытуда. Дегенмен, бұл жетістік тек мақтаныш емес, сондай-ақ осы мұраларды қорғау мен сақтау бойынша нақты міндеттемелерді орындауды талап етеді.
Осы мақсатта биыл тамыз айында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен жұмыс тобы құрылды. Бұл топтың міндеті – орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясының мүшелерінің, ғалымдардың, археологтардың, этнографтардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдерінің күш-жігерін үйлестіру.
Бұл стратегиялық бастама әлемдік мұра тізіміне енген маңызды тарихи және сәулет ескерткіштерін сақтауға ғана емес, сондай-ақ дәстүрлер, салт-жоралар, тіл, музыка, қолөнер сияқты материалдық емес мәдени мұра элементтерін және құжаттық мұраларды қорғауға бағытталған. Бұл элементтер мәдени даралықты қалыптастыруда, ұлттық бірегейлікті нығайтуда және құндылықтарды болашақ ұрпаққа жеткізуде маңызды рөл атқарады.
Аида Балаева барлық мүдделі құрылымдардың жүйелі әрі үйлесімді жұмыс істеуі қажеттігін ерекше атап өтті. Министр қойылған міндеттерді орындау және конвенцияның талаптарын тиімді жүзеге асыру үшін күш-жігерді біріктірудің маңыздылығына назар аударды.
Бүгінге дейін жұмыс тобының екі отырысы өтті. Онда қатысушылар мәдени мұраны қорғау және сақтау бойынша негізгі бағыттарды анықтады. Ал 30 қарашада Алматы қаласында өткен отырыста үш кіші топтың жұмыс жоспарлары таныстырылды. Әр топ мәдени мұраны қорғау және насихаттау саласындағы нақты аспектілерге бағытталған.
Ұсынылған жұмыс жоспарлары арасында материалдық және материалдық емес мәдени мұраны қорғау және насихаттау, ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы аясында құжаттық мұраны сақтау секілді негізгі бағыттар айқындалды.
Бұл жоспарларда мамандардың біліктілігін арттыру бойынша шаралар қамтылған. Оның ішінде материалдық емес мәдени мұраны анықтау және дамыту әдістерін оқытуға арналған оқу модульдерін әзірлеу мен іске асыру қарастырылған. Министр оқу мазмұнының пайдалы әрі тәжірибеге бағытталған болуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ жұмыс тобы материалдық және материалдық емес мұра нысандарын түгендеу, қолда бар деректерді цифрландыру, мәдени мұраны халықаралық және жергілікті деңгейде насихаттау стратегиясын әзірлеу, сондай-ақ жаңа нысандар мен элементтерді ЮНЕСКО тізіміне енгізу қажеттігін айтты.
ЮНЕСКО қорғауындағы нысандарды тиімді басқару және қорғау әдістерін әзірлеуге айрықша мән берілді. Жергілікті билік органдары мен қоғамдық ұйымдарды мәдени мұраны қорғау және насихаттау іс-шараларына белсенді тарту, сондай-ақ халықтың мәдени мұраның маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыру үшін тұрақты іс-шаралар мен ақпараттық науқандар ұйымдастыру жоспарланған.
Жалпы жұмыс топтарының жетекшілері ұсынған жоспарлар материалдық, материалдық емес және құжаттық мұраны сақтап, насихаттауға бағытталған ауқымды шараларды қамтиды. Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл бастамаларды қолға алатын болады. Аталған шаралар Қазақстанның мәдени мұрасын қорғау мен дамыту ісін жаңа деңгейге көтеруі тиіс.