Құрылтай депутаты Ажар Сағандықова Қазақстанның Өзбекстандағы кеден өкілдерінің нақты міндеттері мен олардың шекарадағы кедергілерді бюрократиялық рәсімдерсіз жедел шешу мүмкіндіктері туралы сұрады. Қаржы министрі Мәди Такиев кеден өкілдерінің негізгі функцияларын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, Өзбекстанға кеден мәселелері жөніндегі тұрақты өкіл тағайындау – дұрыс шешім. Алайда оның қызметін елшілік аясымен шектеу кеден саласындағы өзара іс-қимылдың тиімділігіне әсер етуі мүмкін.
Қазақстанның кеден өкілі нақты қандай міндеттерді атқарады? Оның кедендік кедергілерді бюрократиялық рәсімдерге жол бермей, сол жерде жедел шешуге жеткілікті өкілеттігі бола ма? – деп сұрады Ажар Сағандықова.
Мәди Такиевтің айтуынша, Қазақстанның шетелдегі кеден өкілдері төрт негізгі функцияны орындайды. Олар – кедендік реттеу мәселелері бойынша ел мүддесін білдіру, ақпарат алмасуды қамтамасыз ету, бірлескен шешімдер әзірлеуге қатысу және шетелде жұмыс істейтін қазақстандық бизнеске қолдау көрсету.
Министр кеден өкілдерінің жұмысына қатысты бірнеше мысал келтірді. Оның сөзінше, Өзбекстан аумағы арқылы тез бұзылатын тауарлар тасымалданған жағдайда, өкілдер жүкті кедендік рәсімдеуді жеделдетуге көмектеседі. Сондай-ақ Қазақстаннан Ауғанстанға гуманитарлық көмек жіберілген кезде де жүкке әдістемелік қолдау көрсетеді.
Кеден өкілдері тиісті кеден органдарымен тікелей байланыс орнатып, туындаған мәселелерді сол жерде жедел шешуге мүмкіндік алады, – деді Мәди Такиев.