Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанның интернет жылдамдығы әлемдік рейтингте нешінші орында екені анықталды

Бөлісу:
 pixabay
Фото: pixabay

Speedtest Global Index сервисі қараша айында ең жылдам интернеті бар болған елдер мен қалалар тізімін жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мобильді интернет сапасы бойынша әлемдік рейтингте Қазақстан бір позицияға төмендеген. Еліміздің орташа жүктеу жылдамдығы 93,07 мегабит секундқа жетіп, 46-шы орында тұр. Ал Жапония 65,14 мегабит секунд жылдамдықпен 62-ші орынға орналасты.

Мобильді интернет жылдамдығы бойынша дәстүрлі түрде көшбасшы үштік құрамына:

  • Біріккен Араб Әмірліктері – 672,68 мегабит/с;
  • Қатар – 542,56 мегабит/с;
  • Кувейт – 398,66 мегабит/с енген.

Ең төменгі көрсеткіш Боливияда тіркелді. Онда жүктеу жылдамдығы 14,35 мегабит/с болған.

Ал тұрақты (фиксирленген) кең жолақты интернет жылдамдығы рейтингінде жағдай нашар. Онда Қазақстан 91-орынға орналасты (83,5 мегабит/с). Бұл жерде Жапония әлдеқайда алда тұр, яғни 23-орынды сақтаған (229,84 мегабит/с).

Мобильді интернет жылдамдығы бойынша қалалар рейтингіне келетін болсақ, Алматы мен Астана сәйкесінше 63-ші және 67-ші орындарды иеленді. Алматыда орташа жүктеу жылдамдығы 127,79 мегабит/с, ал Астанада – 125,58 мегабит/с болды. Салыстыру үшін қарастыратын болсақ Токио тек 90-шы орында тұр (80,44 мегабит/с).

Еске салайық, 2025 жылдың екінші жартыжылдығы бойынша мобильді интернет сапасы рейтингі нәтижесінде Қазақстан 45-ші орынға шыққан еді.

Өзгелердің жаңалығы