Еліміздің энергетика саласы өңірдегі ең тұрақты әрі қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі болып саналады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Соңғы жиырма жылда салада жүйелі жаңғырту жүргізіліп, электр энергиясын өндіру көлемі айтарлықтай артты. 2000-жылдардың басында электр энергиясын өндіру деңгейі 51 млрд киловатт-сағатты құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіштің 122 млрд киловатт-сағатқа жетуі күтілуде.
Өндіріс көлемінің өсуі жабдықтарды жаңарту, қолданыстағы қуаттарды кеңейту және жаңа электр стансаларын пайдалануға беру есебінен қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта республика аумағында 237 электр стансасы жұмыс істейді, олардың 158-і жаңартылатын энергия көздерін пайдаланады. Энергожүйенің орнатылған қуаты 25,4 ГВт-тан асып отыр.
Экологиялық «таза» генерацияның үлесі кезең-кезеңімен артып келеді, электрмен жабдықтау сенімділігі мен желілік инфрақұрылымның тұрақтылығы күшейтілуде. Саланы реформалау нәтижесінде нақты көрсеткіштерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, 2009–2015 жылдары іске асырылған шекті тарифтер бағдарламасы аясында шамамен 3 ГВт жаңа қуат енгізіліп, энергетика саласына 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды.
2023 жылы жаңартылған «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы іске қосылып, апатты жағдайларды төмендетуге мүмкіндік берді. Бір жылыту маусымының қорытындысы бойынша технологиялық бұзушылықтар саны 27%-ға қысқарып, температуралық режимнің сақталмау жағдайлары 3,3 есе азайды.
Жылу энергетикасына ерекше назар аударылуда. Елімізде 37 жылу электр орталығы (ЖЭО) жұмыс істейді, олардың орташа тозу деңгейі 64%-дан 61%-ға дейін төмендетілді. Тоғыз ЖЭО «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа, үш ЖЭО «сары» аймақтан «жасыл» аймаққа ауыстырылды. 2025 жылға арналған жөндеу науқанына шамамен 400 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылған.
Сонымен қатар электр желілерін ауқымды жаңғырту жұмыстары қатар жүргізілуде. 2,4 мың км-ден астам электр беру желілері салынды, ондаған қосалқы станса пайдалануға берілді. «Солтүстік–Шығыс–Оңтүстік» транзитін іске асыруды қоса алғанда, батыс өңір желілерін күшейтуге бағытталған стратегиялық инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Соңғы жылдары жалпы құны 422 млрд теңгені құрайтын 153 жоба іске асырылды.
Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында 2029 жылға дейін 1,6 мың км жылу желілерін және 79 мың км инженерлік желілерді жаңарту жоспарланған. Бұл шаралар жылу желілерінің тозу деңгейін 52%-дан 42%-ға, электр желілерінің тозуын 74%-дан 45%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Саланың стратегиялық дамуы 2035 жылға дейінгі Энергетиканы дамыту жоспары арқылы айқындалған. Жоспарға сәйкес 26,3 ГВт жаңа қуат енгізу және энергожүйенің жалпы әлеуетін шамамен екі есеге арттыру көзделген. Қазіргі уақытта Қызылорда қаласындағы ЖЭО құрылысы аяқталу сатысында, Түркістан облысында бу-газ қондырғысы салынуда. Астана мен Шымкент қалаларында осындай қондырғыларды салу жоспарланған. Сондай-ақ, Алматы қаласындағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ті табиғи газға көшіру жобасы жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында «таза көмір» технологияларын қолдану арқылы жаңа көмір электр стансалары салынатын болады. Курчатов қаласында және Екібастұз МАЭС (ГРЭС) базасында бірқатар энергетикалық жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда.
Жаңартылатын энергетика саласы да қарқынды дамып келеді: стратегиялық инвесторлар жобаларының портфелі 5 ГВт-қа бағаланады. 2035 жылға дейін 8 ГВт-тан астам жаңартылатын энергия көздері қуатын енгізу, оның ішінде Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр стансасын салу жоспарланған.
Энергетиктер күні - елдің тұрғын үйлерін, өндіріс орындарын және әлеуметтік нысандарды сенімді жарықпен, жылумен және тұрақтылықпен қамтамасыз ететін қызметкерлердің кәсіби мерекесі. Олардың еңбегі Қазақстан экономикасының тұрақтылығы мен дамуына айрықша үлес қосып, елдің болашағына деген сенімді нығайтады.