Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Нұрқалиев дүниеден өтті

16 Ақпан 2022, 17:04
1437
Бөлісу:
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Нұрқалиев дүниеден өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 16 ақпанда «Астана Опера» балет труппасының директоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Нұрқалиевтің қазасы туралы хабар еліміздің мәдени әлемін дүр сілкіндірді. Балетмейстер 71 жасқа қараған шағында өмірден өтті. 

Тұрсынбек Әбдібайұлының есімі қазақстандық балет жылнамасында мәңгілікке жазулы, оның еңбектері өлшеусіз: елордада хореографиялық өнердің негізін қалаушылардың бірі өзі болатын. Оның әлемнің сан алуан сахналарында жасаған бейнелерінің жарқын галереясы шығармашылығына табынушылардың есінде көпке дейін сақталады. Ал қазақстандық әртістердің саңлақтар тобы кезінде шеберден үйренген кәсіби тәжірибені ұрпақтан ұрпаққа жеткізе бермек. 

Бүгін театрға әлемнің түпкір-түпкіріндегі атақты хореографтардан Тұрсынбек Нұрқалиевтің дарыны, адамгершілік қасиеті, рухының мықтылығы жайлы естеліктер мен көңіл айтулар арқалаған көптеген қоңыраулар түсуде. Ол заманымыздың әйгілі балетмейстерлерімен бірге қызмет істеді, олардың қатарында КСРО Халық әртісі Ю.Григорович, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі С.Вихарев, Башқұртстанның Халық әртісі, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Ш.Терегулов, Рим би академиясының директоры М.Парилла, Ресейдің Халық әртісі Б.Эйфман, Ш.Жюд (Франция) және басқалары бар.

Ол кәсіби балетпен алғаш рет Алматы мемлекеттік хореографиялық училищесінде танысты. 1970-2000 жылдарда Абай атындағы МАОБТ балет солисі болды. 2002 жылы Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясын «Режиссер-хореограф» мамандығы бойынша бітірді. 2000-2013 жылдарда – К.Байсейітова атындағы ҰОБТ балет труппасының бас балетмейстері. 2013-2015 жылдарда – «Астана Опера» МОБТ балетінің көркемдік жетекшісі. 2015 жылдан – балет труппасының директоры. 

Тұрсынбек Әбдібайұлы Қазақстан атынан көптеген халықаралық байқауларға қазылық етті. Солардың қатарында «Бәйтерек» (Астана), «Әлемдегі жас балет» (Сочи), «Рим жүлдесі» (Италия) балет әртістерінің Халықаралық байқаулары, «Шабыт» Халықаралық фестивалі бар, сонымен қатар ол мәскеулік және варналық байқауларда қазылар алқасының мүшесі болды.  Бейжің балет әртістері байқауының шақырылған қонағы, Халықаралық балет байқаулары Федерациясы мен Халықаралық хореографтар одағының мүшесі болатын. 

Тұрсынбек Нұрқалиев Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы», П.Чайковскийдің «Щелкунчик», «Аққу көлі», Л.Минкустың «Баядерка», А.Аданның «Жизель» және тағы басқа балеттерді қойды. 

Театрдың шығармашылық ұжымы Тұрсынбек Нұрқалиевтің жары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалия Бөрібаеваға, сондай-ақ туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. 

Өзгелердің жаңалығы