Қазақстанның үш өңірінде «Бекіре-2023» кең ауқымды балық қорғау акциясы өткізіледі, деп хабарлады BAQ.KZ Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталмыш акция, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында өтеді.
«Бекіре» акциясы балықтардың уылдырық шашу кезеңінде олардың ресурстарын қорғау үшін күшейтілген іс-шара. Мақсаты - бекіре және басқа да балық түрлерін сақтау, оның көбеюіне оң әсерін тигізу.
Осы жылы негізгі күштер Каспий теңізінің жағалауы мен акваториясына және Атырау облысы шегіндегі Жайық және Қиғаш өзендерінің су айдындарында шоғырланады. Өйткені бұл жерлер браконьерлік фактілерінің көріністеріне неғұрлым бейім. «Бекіре» акциясы кезінде үш облыстың аумағында табиғат қорғау іс-шараларына құқық қорғау және табиғат қорғау органдарының 1 203 қызметкері тартылатын болады. Оның ішінде 822 қызметкер Атырау облысында. Бұл қызметкерлер 66 қайық және шағын жүзу құралдарымен, сонымен қатар 145 автокөлікпен қамтамасыз етіледі. Жайық өзенінің жағалауында балық аулау заңнамасының ықтимал бұзушылықтарын тіркейтін 17 бейнекамера орнатылып, жұмыс істейді. ҚР ҰҚК Шекара қызметі үш жағалаудағы радиолокациялық станцияны іске қосады, – деді А.Бахиянов.
Балық қорғау іс-шараларының тиімділігін арттыру үшін экология және табиғи ресурстар, ішкі істер министрлері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы «Бекіре-2023» балық қорғау акциясын өткізу туралы бірлескен бұйрыққа қол қойды.
Акция аясында браконьерлік фактілерінің ең ықтимал көрінетін жерлерінде жылжымалы бекеттер мен мобильді рейдтік топтар ұйымдастырылды.
Сонымен қатар Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ішкі істер министрлігі 2023 жылғы 1 наурызда Жайық-Каспий бассейні акваториясында браконьерлікке қарсы күрес жөніндегі 2023-2024 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын бекітті.
Осы жоспар шеңберінде Жайық-Каспий бассейнінің су айдындарында бүгінде табиғат қорғау заңнамасын 129 бұзушылық анықталды, 2 қылмыстық іс қозғалды, 2 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды, заңсыз айналымнан 500 кг астам балық, оның ішінде 184 кг бекіре, 186 бірлік тыйым салынған балық аулау құралдары алынды.