Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанның әуе саласына жыл сайын 500-ден астам маман қажет

Бүгiн, 14:15
362
Бөлісу:
 Көлік министрлігі
Фото: Көлік министрлігі

Көлік вице-министрі Талғат Ластаев бастаған қазақстандық делегация Францияның Азаматтық авиация ұлттық мектебінің (ENAC) директоры Оливье Шансу және оның орынбасары Николя Калазиспен жұмыс кездесуін өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ведомствоның мәлімдеуінше, кездесу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кадрларды даярлау жүйесін жаңғырту және халықаралық ғылыми-білім беру орталықтарымен ынтымақтастықты дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында өткен.

Кездесу барысында Еуропаның жетекші авиациялық мамандар даярлау орталығымен Астанада еуропалық деңгейдегі өңірлік авиациялық оқу орталығын ашу мәселелері талқыланды. Аталған орталық азаматтық авиация саласындағы заманауи білім беру стандарттарының өңірлік орталығына айналмақ. Елде мұндай оқу орталығының болуы саланың шетелдік оқу ұйымдарына тәуелділігін азайтып, елімізде білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Бұл ынтымақтастық сондай-ақ саланың отандық кадрларын жүйелі түрде даярлауға және тәжірибе, білім мен халықаралық практикалар алмасуға бағытталатын болады.

Қазақстанның азаматтық авиациясы тұрақты өсім көрсетіп келеді: жыл сайын жолаушылар ағыны артып, маршруттық желі кеңеюде, инфрақұрылым жаңғыртылуда және әуе кемелер паркі өсуде. Бұл процестерді қолдау үшін елге тұрақты түрде білікті мамандар қажет.

Отандық авиация саласының жыл сайынғы қажеттілігі шамамен 500–600 маманды: ұшқыштарды, инженерлерді, әуе қозғалысын басқару диспетчерлерін, жерүсті қызметкерлерін және басқа да негізгі бағыттар бойынша мамандарды құрайды.

Сонымен қатар Қазақстанда жұмыс істеп тұрған авиациялық оқу орталықтары Еуропалық ұшулар қауіпсіздігі агенттігі (EASA) белгілейтін озық еуропалық стандарттарға сәйкес келмейді. Айта кету керек, Азаматтық авиация ұлттық мектебі (ENAC) Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО), Еуропалық ұшулар қауіпсіздігі агенттігі (EASA), Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) және Халықаралық әуежайлар кеңесі (ACI) талаптарына толық сәйкес келетін жалғыз оқу орны болып саналады.

Бұл бастама Қазақстанның азаматтық авиация саласында жоғары білікті кадрлардың тапшылығын жоюға және оның алдын алуға бағытталған, сондай-ақ бұл ұшулар қауіпсіздігін арттыруға, мемлекеттік қадағалаудың тиімділігін күшейтуге және елдің авиациялық инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді.

Сапар аясында ENAC басшылығы оқу орнының негізгі нысандарына таныстыру экскурсиясын өткізді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар осы мәселе бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.

Өзгелердің жаңалығы